Титов мөлтек ауданында құлаған көпқабатты үйде жедел штаб жұмыс істеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Титов мөлтек ауданында құлаған көпқабатты үйде жедел штаб жұмыс істеуде

01.03.2018

Қызылорда қаласы Титов мөлтек ауданындағы  бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Адам аман. Қазір оқиға болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Оқиға түнгі 22:00-дар шамасында болған. Бұл үйде негізінен басында баспанасы жоқ азаматтарға уақытша тұрақ ретінде берілгендіктен бүгінге дейін 46 отбасы ғана өмір сүрген. Ал, дәл оқиға болған сәтте, мынау бөлік опырылып құлаған кезде ол жерде ешкім болмаған.

Үй 1971 жылы салынған. 103 пәтер бар. Бірақ, бұл ескі жатақхана ғимараты болғандықтан, жекешелендірілмеген. Баратын жері жоқ 46 отбасы ғана уақытша паналап отырған.  

Тұрғындар қаннен-қаперсіз тұрып жатқан. Өйткені, үйді тексерген комиссия оны апатты деп танымаған.  

Тұрғындардың барлығы дереу эвакуациялық орталыққа көшірілді. Қажетті жабдықтармен, тұрмыстық заттармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, медициналық, психологиялық көмек көрсетілген.

Ал үй толық бұзыла ма, әлде де жөнделе ме,оны  сараптама қорытындысы шыққан соң, комиссия шешеді. Қазір жедел штаб жұмыс істеуде. Ал құтқарушылар үйіндіні әлі қазып жатыр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу