Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Қызылорда облысының тұрғындары баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Қызылорда облысының тұрғындары баспаналы болды

30.12.2015
Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Қызылорда облысының тұрғындары баспаналы болды

Үйлі болғандардың арасында Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, сондай-ақ кезекте тұрған өнер, спорт саласы мамандары мен ұстаздар да бар.

Дәл осы күні облыс орталығындағы Титов мөлтек ауданында апаттық жағдайдағы үйлердің орнына 60 пәтер пайдалануға берілді. Апаттық үйде тұратын 192 қызылордалықтың 60-ы бүгін баспаналы болды. Облыс әкімі келесі жылы тағы 160 пәтер халық игілігіне беріледі деп отыр. Сонымен апатты үйлер мәселесі шешіледі, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Биыл Қызылордада 53 көпқабатты үй бой көтерді. Өткен жылы 264 пәтер пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы 2652 отбасы баспаналы болды. Бұл Қызылорданың тарихында болмаған құрылыс. Қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлеріңізден сәбидің күлкісі арылмасын. Жаңа жыл елімізге ынтымақ пен ырыс алып келсін», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда Қызылорда облысында құрылыс көлемі 3,5 есеге артқан болса, облыс орталығында бұл көрсеткіш 8 есеге өсті.

Хабарламаларға жазылу