Әлемдегі санаулы алып адамның бірі Атырауда тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі санаулы алып адамның бірі Атырауда тұрады

28.02.2018

Оның бойының ұзындығы - 2 метр 18 см. 32 жастағы бойшаң жігіт спорттық бәсекелерде топ жарып, талай жетістікке жеткен волейболшы. Атыраулық Александр Демеуов туралы келесі бейнематериалда.  

Александрдың аяқ киімінің өлшемі 56, салмағы 170 келі. Киімді тапсырыспен алып, аяқ киімді арнайы тіктіреді. Бойының ұзындығы көбіне жүріп-тұруына кедергі келтіреді.

Александр Демеуов, параволейболшы:

- Бойымның ұзындығы қоғамдық орындарда қолайсыздық туғызады. Әсіресе, ұшақ пен пойызда ыңғайсыз. Біздей ерекше адамдарға арналмаған.

Кезекті сайысқа дайындалып жатқан Александр команданың беткеұстары. Параволейболдан таңдаулылар ішінде. Құрама бапкері Бауыржан Тахауовтың айтуынша, әлемнің бойшаң спортшыларының қатарында.

Бауыржан Тахауов, параволейболдан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Әлем бойынша екінші орында. Бірінші ирандық - 2 метр 48 см. Одан кейін біздің Саша - 2 метр 18 см. Шабуыл кезінде және тосқауыл қою мәселесінде көп көмегі бар.

Кейіпкеріміз үшін спортпен шұғылдану күнделікті дағдыға айналған іс. 9 жылдан бері құрама сапында жаттығып келеді. Байрақты бәсекелерде командаға жеңіс сыйлағаны тағы бар.

Александр Демеуов, параволейболшы:

- Мен үшін спорт денсаулық кепілі. Үнемі қимыл-қозғалыста боламын. Үйде жата берсем,  аурушаң болып қалатын тәріздімін. Құрамада достарым көп, команда менің екінші үйім.

Ал, қазір Александрдың командасы Голландия мен Джакартада өтетін әлемдік додаларға дайындық үстінде. 

Бүгінде Сашаның екі-ақ арманы бар. Бірі - Олимпиада чемпионы атану. Ал, екіншісі - үйленіп, әке болу.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу