Қазақ жұрты Рахымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жұрты Рахымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салды

20.02.2018

Бүгін қазақ жұрты көрнекті қаламгер, дарынды драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен қоштасу рәсіміне Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері мен Атырау жұрты көп жиналды.

62 жасқа қараған шағында өмірден озған жазушы өшпес мұра қалдырды. Ұлт тарихын ұлықтаған шығармалары Түркия, Қытай, Қырғыз, Моңғолия, Ресей елдерінде бірнеше тілге аударылып, сахна төрінен көрерменге жол тартты.

Ұзаққали Елеубаев, Еңбек ардагері:

- Мысырға барып аралап, Бейбарыстың басына барып жүрген кезімде кітаптары тұр екен сол жерде. Сонда менің кеудемді үлкен мақтаныш сезімі кернеді.

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салуға келген халықтың қарасы қалың болды. Орны толмас қазаға көңіл айта келген ел ағалары біртуар тұлғаның өмірдегі елеулі сәттері мен даралығын еске алды.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі:

- Рахымжанның прозасы ешкімге ұқсамайды. Айтматов сыйлаған Рахымжан. Халық сыйлаған Рахымжан. Рахымжанның еңбегі әлі алда. Оның екінші өмірі басталды. Тарихқа енген адам. Есімі алтын әріппен жазылатын Рахымжан.

Ұлт зиялылары Рахымжан Отарбаевты әдебиет әлеміндегі биік шыңға балады. Намыс пен шындықты, өр рух пен қайсарлықты өз шығармаларына ту еткен көрнекті қаламгер Атыраудағы «Теңдік» зиратына жерленді.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу