Биыл Астана мен төрт облыстағы медициналық мекемелер амбулаториялық карталарды толығымен электронды форматта жүргізуге көшеді. Бұл туралы бүгін электронды денсаулық сақтау орталығының Астана қаласы бойынша бөлімшесінің директоры Сәуле Құрманова айтты. Осылайша, 2019 жылдан бастап Қостанай, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы емханалар қағазбастылықтан құтылады. Астана қаласының бас дәрігері тиісті компьютерлер мен инфрақұрылым мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жасақталатынын айтты. Сондай-ақ, жеке сектордың көмегімен Астанада бірнеше медициналық мекеме салу жоспарлануда. Оның ішінде көптен бері айтылып жүрген хоспис салу мәселесі де бар.
Қамалжан Надыров, Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 2025 жылға дейін бірнеше медицианалық нысан салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Жағалау, Айнакөл және Мыңжылдық шағын аудандарында 3 емхана салынады. Сондай-ақ, хоспис салуға да жер телімі бөлінген.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ