ОҚО-дағы елді мекендерге құбыр тартылды, бірақ газ жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-дағы елді мекендерге құбыр тартылды, бірақ газ жоқ

30.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр 72 елді мекенге газ құбыры тартылғанымен, ауылдағы ағайынның көбі  әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. Орталықтан шалғай аймақтарға «көгілдір отын» жеткізу үшін қазынаның 12,7 миллиард теңгесі жұмсалып, 44 нысанның құрылысы толық аяқталды.  Алайда бүгінде құбыр бар да, газ жоқ.

Зерделі ауылында тұратын Шындалиевтер отбасы газ құбырын үйлерінің ішіне былтыр күз түспей жатып тартып алды. Қарызданып қауғаланып 85 мың теңгеге шығынданды. Алайда, жыл жаңарып, қыстың ортасынан асты әлі күнге газ жоқ. Сол баяғы отын жарып, көмірмен жылынуға мәжбүр.   

Гүлшат Шындалиева, ауыл тұрғыны:

- Ақшамыздың барлығын беріп қойып, енді көмірге ақшамыз жетпейді. Бір бөшке, екі бөшке алып жағып отырмыз.

Қаңтардың аязында түстікте тап осындай күй кешіп отырған жалғыз бұл отбасы емес. Бақандай 40-қа тарта елді мекенде жағдай осы. Ауылға газ құбыры тартыла бастағанда алақайлап қуанған жұрт, енді бүрсең қағып отыр.

Әбдуәлі Сәрсенбаев, ауыл тұрғыны:

- Осы жерде 500-ге жуық  үй тұрса, олардың әрбірі газға сеніп қалып, көмір алмаған. Енді жаурап, қиналып отыр.

Барлық жерде мердігерлер құрылысты толық аяқтап қойған. Көгілдір отынды күткен жергілікті жұрт қамсыз емес.

Бақыт Асанов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары:

- Барлық құрылыс, монтаж жұмыстары бітіп, мемлекеттік қабылдауға дайын болып тұр.

Аяқсыз қалған тірлікке байланысты атқарушы биліктің айтатын себебі көп. Негізгісі құрылысы аяқталған нысандарды коммуналдық меншікке өткізу ісі тым ұзаққа созылады. Ал, ол біткенше желіні іске қоса берейін десе, газ тарату мекемесі қызмет көрсету шығынын мойнына алғысы келмейді. 

Нұралхан Шәріпов, Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Эксплуатация жасаушы «ҚазрансгазАймақ» мекемесі тарапынан бұл әлі толық олардың меншігіне өтпеген объектілер. Осыларды өткенге дейін экспуатациялық шығындарды төлеу  мәселесі қойылған болатын. Ол мәселеге қатысты шұғыл мәжіліс өтіп, оны оңтайландыру туралы министрілікке ұсыныс енгіздік.

Үкімет бұл ұсынысты мақұлдаса, құрылысы аяқталған нысандар бірден газ тарату мекемесінің меншігіне беріледі. Бұрынғыдай 4-5 құрылымның арасында қолдан-қолға өтпейді. Соның өзінде Оңтүстіктегі газ құбыры тартылған ауылдарды желіге қосу ісі  жыл ортасына қарай бітетін түрі бар.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу