Оңтүстік Қазақстан облысында кітапханалар әлі күнге дейін жаңа технологияның игілігін пайдалана алмай келеді. Өңірде бүгінгі таңда 427 кітапхана болса, соның небәрі 180-і компьютермен қамтамасыз етілген. Ал, ауылдағы кітапханалардың көпшілігінің әлі интернетке қолы жетпеген. Бар болғаны 127 мәдениет ошағы ғана ғаламдық ақпарат алмасу кеңістігін пайдалана алады. Кітапханаларда кітап сөрелері жетіспейді, мүліктерінің тозығы жеткен. Негізгі ресурс көзі — электронды ақпарат жоқ. Бұл мәселе Мәдениет басқармасы тарапынан жылда айтылғанымен аудан әкімдіктері рухани салаға көбіне құлықсыз қарайды. Құжаттарды электронды жеткізу, виртуалды анықтама, библиографиялық процесстерді автоматтандыру, біртұтас каталогтандыру процестеріне көшу. Мәдениет қызметкерлерінің алдында бүгінде осындай қадау-қадау мәселелер тұр.
Асылхан Темірхан, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Аудандық бюджеттен проблема болып жатыр. Өте аз бөлінеді. Жылда әр ауданда 1-2 кітапхана ғана қамтамасыз етіледі. Қаржы бөлу төмен. Бұл аудан әкімдіктеріне мәселе етіп қойылып отыр. Келесі жылдан бастап қолға алынады деп ойлап отырмыз.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ