Қосшыға көшірілген Шнет ауылы жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосшыға көшірілген Шнет ауылы жабылады

27.12.2017

Жаңа жылға – жаңа үй. Бүгін Астана іргесіндегі Қосшы ауылында 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған төтенше жағдайдағы ауыл деп танылған Шнет елді мекеніндегі 45 отбасы көшірілді. Жиырма жылдағы мәселелері шешілген шнеттіктердің қуанышына тілшіміз ортақтасты.

Ауыл азаматтарының барлығы баспаналы болды. Тұрғындарға пәтер кілтін Целиноград ауданының әкімі салтанатты түрде табыстады. Пәтерлі болғанның бірі Омаровтар әулеті. Қуаныштарында шек жоқ. Отанасы кіре сала шаңыраққа шашу шашып, бөлмелерін аралап көрді. Көріп, көңілі толды. Жайлы. Кең. Ең бастысы жылы.

Масұғұт Омаров, жаңа пәтердің иесі:

- Әкімімізге рахмет. Осылай бізге Қосшы ауылынан екі бөлмелі үй беріп жатыр. Қалаға қарай кішкене жақындап келдік. Балаларымыздың жұмысқа қатынауы жақсарады. Бұрын жұмыс жоқ болатын. Енді жұмысқа шығады деген тәрізді.

Тұрғын үйдің жалпы аумағы үш мың шаршы метрге жуық. Бұл үшін қазынадан 375 млн. теңге қаржы жұмсалды. Берілген 45 үйдің 15-і бір бөлмелі, қалған 30-ы екі және үш бөлмелі пәтерлер.

Малғаждар Таткеев, Целиноград ауданының әкімі:

- Ауылды көшіріп жатқан себебіміз ауылдан 3 шақырым жерде «Қарабидайық» деген қалдық су жүйесі орналасқан. Содан жаман иіс келетін, сосын көктемде су басып, ауылға баратын жолды жыл сайын шайып кететін. Бір айдай көлікпен жүруге мүмкіндік болмайтын. Бүгін мінекей, жаңа жылдың қарсаңында Шнет ауылының тұрғындарына көп күткен пәтер кілті тапсырылды.

Шнет ауылы келесі жылы жабылады. Өйткені, оқушылар осы оқу жылын аяқтауы тиіс. Мәслихаттың шешімі осындай. Ал, егін салып, мал ұстаймын дегендерге рұқсат беріледі. Тек тұрақтап қалуға болмайды.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу