Батыс Қазақстан облысының Шалғын ауылында мектептің қабырғасы құлап, сабақ тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысының Шалғын ауылында мектептің қабырғасы құлап, сабақ тоқтатылды

31.03.2022

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын ауылында мектеп суға кетіп, бір корпусы құлап қалды. Бүгін сабақ тоқтатылып, сенбіге шегерілді. Қазір өңірдегі әріптесім Ардақ Мұратқызы бізбен тікелей байланысқа шықты. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Ауылды құмдағы сайға жиналған қарғын су басқан. Салдарынан 9 жылдық мектептің қосалқы құрылысы құлаған. Мектеп негізінен үш ғимараттан тұрады. 1964 жылы салынған бастауыш сынып корпусы апатты жағдайда тұр. Орта корпус 1988 жылы, ал құлаған ғимарат 2007 жылы саман кірпіштен салынған. Онда кітапхана, спорт залы, директор мен бірнеше қызметкер кабинеті орналасқан. Ғимараттың қабырғасы опырылып, едені суға кетті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Кітаптар, құжаттар, барлық оқу құралы көрші ғимаратқа көшірілген. Бүгін оқушыларға сабақ болмады. Мектепте 38 бала білім алады.
Айта кетейік, Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын ауылы Оралдан 250 шақырым қашықта жатыр. Ауылда 200-дей адам тұрады. Қазір оқиға бойынша аудандық комиссия құрылып, ауылды су басу қаупінің алдын алып жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу