Маңғыстау облысындағы Құрық портында автомобиль паромы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы Құрық портында автомобиль паромы ашылды

08.12.2017

Енді отандық және транзиттік жүк көліктері тікелей Кавказ, Оңтүстік Еуропа, Түркияға жол тартады. Стратегиялық маңызды нысанның арқасында елдің транзиттік-көліктік әлеуеті артып, өзара сауда-саттық жанданбақ. Болжам бойынша жаңа паром жылына 2 млн. тонна жүк өткізеді. Ал, биылдыққа Құрық портынан 1 млн. 350 мың тонна жүк жөнелтілді. 

Бұл - Қазақстандағы бірден-бір паром. Себебі, паром арнайы гидротехникалық құрылғылармен жабдықталған. Бүгін өткізіліп жатқан 29 жүк көлігінің ішінде Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның тауарлары бар. Енді тауарлар 2 күнде діттеген жеріне, яғни, Әзірбайжанға жеткізіледі. Ары қарай Оңтүстік Еуропаға жол тартады.

Жүк көліктеріне астық, дәнді-дақылдар мен құрылыс материалдары тиелген. «Құжат   рәсімдеуге 40-ақ минут кетеді. Көліктердің әрқайсына 30-35 мың теңге көлемінде ақша төледік. Осылайша, уақыт пен қаржыны үнемдедік», - дейді жүргізушілер. Мұнда тамағы, жатын орны, бәрі қарастырылған.

Фирдовси Гасанов, көлік жүргізушісі:

- Мен Әзірбайжаннан Қазақстанға қатынағаныма 1,5 жыл болды. Қазір құрылыс тауарларын әкеле жатырмын. Көлік паромының ашылғаны бізге жақсы болды. Себебі, рәсімдеу оңай, тәртіп күшті, біз үшін өте ыңғайлы.

Паром күніне 60 жүк көлігін өткізуге қауқарлы. Олардың отызын жөнелтсе, отыз көлікті қабылдап алады. Паромның құрылысына Ресей, Әзірбайжан мамандары тартылған. Мұндай бірегей нысан – Қазақстанда тұңғыш рет салынды, сондықтан, техникалық жағынан қиындықтар болды. Алайда, бас-аяғы жарты жылдың ішінде құрылыс ойдағыдай  аяқталды.

Әли Қарабалин, құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары:

- Біз көлік паромының құрылысына бар күшті жұмсадық. Қазір мұнда 200 техника мен мыңдаған құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Нақты тапсырма бар. Сондықтан, оны орындау мақсатында 3-8 млрд. теңге игеруге тиіспіз.

Құрық порты жылына 6 млн. тонна жүк өткізеді. Оның ішінде 2 млн. автомобиль паром арқылы жөнелтіледі. Жаңа кешендегі қарқынды жұмыс ел экономикасының дамуына ерекше серпін берері сөзсіз.

 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу