Алматыда «Synergy Global - 2017» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Synergy Global - 2017» форумы өтті

04.12.2017

Бұл халықаралық бизнес шараға елдің әр аймағы мен алыс-жақын шетелден келген арнайы он мыңға жуық көрермен қатысты. Әлемге әйгілі мотиваторлармен бизнес-жаттықтырушылар жиналғандарға кеңес берді. Жетістікке жетудің жолдарын көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі болса да, мақсатқа жетуге болатындығын дәлелдеген Ник Вуйчичті тыңдау үшін келген адамның санында есеп жоқ.    

«Алматы Арена» ғимараты адамға лық толды. Ине шаншар жер болмады. Көбісі Ник Вуйчичті көруге, тыңдауға ынталы. Ник аяқ-қолсыз дүниеге келсе де, толыққанды адам ретінде өмір сүріп, жабыққанды жебеп, көмекке мұқтаждарды демеп, ынталандыру арқылы дүниежүзіне танылған.     

Ник Вуйчич, мотиватор:

- Менің аяқ-қолым жоқ болса да, футболды қатты ұнатамын. 13 жасымда ойнауға да талпындым. Ал, сіздерде ең бастысы, таңдау бар. Барды бағалау арқылы-ақ көп жетістікке жетуге болады. Сондықтан, өмірдегі кейбір сәтсіздіктерге шыдасаңыздар, алынбайтын қамал жоқ.

Оның қазір екі баласы бар. «Әйелім екеуміз тағы екі егіз күтіп отырмыз», деп залды тағы да шу еткізді. Ол тек мотиватор емес, жазушылығымен де көпке үлгі. Сондай-ақ, форумда əйгілі боксшы Майк Тайсон мен британ психологы Тони Бьюзен де болашақ бизнесмендермен пікір алмасты.     

Гүлнәр Ғұмарова, форум ұйымдастырушысы:

- Форум өз мақсаттарына жетуге талпынған әрбір адам үшін пайдалы. Өйткені, арнайы шақырылған спикерлер шағын және орта бизнес, ірі кәсіпті дамытуда да нақты бағыттар көрсетіп, кеңестерін берді.

Форум көрермендері тағатсыздана күткен тағы бір танымал спикер Леонид Парфенов болды. Өзінің ерекше деректі фильмдерімен белгілі болған журналист әрі тележүргізушіге сұрақ қойғысы келгендер көп. Бірнеше тележоба авторы ақпарат құралдарының бизнеске ықпалы туралы сөз қозғады. Ұлттық арнаға арнайы сұхбат берді.  

Леонид Парфенов, тележүргізуші:

- Мен осынша көрермені бар аудиторияның алдына алғашқы рет шықтым. Адамның көп болатынын осында келгенде естіп, аздап қобалжу да болды. Бірақ, 1,5 сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Медианарықты да үлкен кәсіпке айналдыруға болатынын білгісі келетін адам көп. Сондықтан, мен өз кеңесіммен бөлістім.

«Synergy Global» форумы алғаш рет 2015 жылы Мәскеуде өткен. Онда алты мың адам жиналыпты. Бір ай бұрын Нью-Йоркте ұйымдастырылды. Сұраныс көп. Сондықтан, келер жылдың көктемінде елімізде форум одан əрі жалғасады.

   

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу