«Жарайсыңдар, Қазақтар!». Бұл Ресейдің Сочи қаласында өткен Әлем чемпионатында әнұранды ауызша айтып шыққан Қазақ самбошыларына қарата айтылған сөз. Ұйымдастырушылардың қателігінен ескі Әнұран шырқалып, спортшылар әуенді тоқтатуға мәжбүр болады.
«Чемпион Есет қуанов. Қазақстанның жаңа жұлдызы...»
Бұл - Есет Қуановтың өнеріне тәнті болған қырғыз комментаторының мадағы. Әлбетте, чемпионның құрметіне туған елдің Әнұраны шырқалатыны заңдылық. Сочиде Қазақтың Әнұраны шырқалуы шырқалды-ақ. Тек ескі гимн. Есет батыр олқылықты байқап, сыпайы ғана ұйымдастырушыларға ескертті. Әуен тоқтап, «Айсберг» мұз айдынының іші сілтідей тынып, ыңғайсыз тыныштық орнаған-ды. Әнұранды әуелете орындаған Ұлттық құрама палуандарының намысты дауысы Есеттің ғана емес, күллі қазақстандықтардың көңілін асқақтатқаны рас.
Осы тектес оқиға Грозный қаласында 2015 жылы болған. Илья Ильиннің құрметіне ескі Әнұран орындалып, Қазақ батырының талабынан соң қате түзетілген.
Жалпы, «Менің елім» әні 2006 жылдың 7 қаңтарында Әнұран болып ресми бекіді. Әні Шәмші Қалдаяқовтікі, ал, сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Сочидегі оқиғаға қатысты былай деп ой түйді.
Серік Сәпиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл ұйымдастырушылардың қателігі екені даусыз. Олар мұндай дүниелерді алдын ала сан мәрте сүзгіден өткізіп, дайын болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар болып тұрады. Қарапайым, адам жасап тұратын қателік деп ұғу керек.
Сочи төрінде бір емес, бірнеше мәрте мәрттік көрсеткен Қазақ саңлақтарына көрермен орнынан тұрып, ілтипат білдірді. Тіпті бейкүнә сәбидің өзі қошеметтеп жатса, одан асқан қандай құрмет керек.
Бастысы Есет ерледі. Әлемді мойындатты. Білекті, жүректі жігіттер барда Қазақтың Әнұраны әлі талай әуелеп, туымыз тұғырдан түспесі хақ.
Ғабит БӨКЕНБАЙ