«Алтын үкі» жарысында әлемнің 7 елінің мергендері сайысқа түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын үкі» жарысында әлемнің 7 елінің мергендері сайысқа түседі

16.06.2016
«Алтын үкі» жарысында әлемнің 7 елінің мергендері сайысқа түседі

2016 жылғы маусымның 20-сы мен 24-і аралығында Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында «Алтын үкі - 2016» VIII халықаралық мергендік жұптар жарысы өтеді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Жарысқа әлемнің 7 елінен 19 команда қатысады. Олар - Қытай, Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Белорусь Республикасы, Ұлыбритания, Пәкістан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының күштік ведомстволары. Аталған жарысты Түркия мен Үндістан елдерінің өкілдері бақылайтын болады.

Биылғы жылғы мергендік жұптар сайысының басты ерекшелігі барлық қатысушылардың өз қаруларымен келетіндігінде болып отыр. Дәлдеп атудың шеберлері 5 күн бойы түрлі қашықтыққа жылдам атудан, бүркемелену машықтары мен ойлы-қырлы жерлерді бағдарлаудан үздік мергендік атақ үшін жарысатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Алтын үкі - 2015» жарысында Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері жеңімпаз атанып, алтын кубокты иеленді. Әр кезең жоғары деңгейдегі төзімділікті, күш-жігерді, сапалы командалық жұмыс пен әр қатысушының жақсы даярлығын талап етеді.

Хабарламаларға жазылу