«Мерейлі отбасы» байқауының отбасы қадірін арттырудағы маңызы зор. Бұл пікірді бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысушы ақтөбелік Балаш Түсіпқалиев.
«Өзім, әйелім, екі балам, келінім дәрігер. Менің үшінші ұрпағым, үлкен немерем де Ақтөбедегі медицина университетінің студенті. Медицина саласында жұмыс істегеніме 45 жыл болды. 40 жыл бойы ғылыми-педагогтік жұмыспен айналысудамын. Біздің отбасы Ақтөбе облысының жеңімпазы атанған болатын. Сол себепті бүгін республикалық байқауда бақ сынау үшін келіп отырмыз. Ең бірінші, осындай отбасылық құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік беретін, отбасы қадірін арттыратын үлкен байқаудың өтуіне бастамашы болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Бұл байқаудың ел үшін, халық үшін ең маңыздылығы - ол отбасы қадірін арттыру», - деген Б.Түсіпқалиев барша қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатысады. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.
Балаш Түсіпқалиев медицина ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Шапағат» медалімен марапатталған. 300 жарияланым, 20 оқулық және оқу құралдарының авторы.
ҚазАқпарат