Астанада қоқыстың өзін кәдеге жаратып жүрген тұрғындар бар. Алматы ауданының жұртшылығы тіпті, қалдықтарды ақшаға сатып алады екен.
Астана қаласы, Алматы ауданына қарасты Шебсклад саяжай телімінің тұрғындары қоқыстың үстіне баспана салып жатыр.
Елді мекенде қоқыстың көптігі сонша, тұрғындар жүретін жолдың өзін қоқыстан жасап алған.
«Әр үйдің қабырғасына тиіп тұрған қалдықтар адам денсаулығына зиян, тіпті бұл жерден су ішудің өзі ауру балалардың тууына себеп болады», дейді Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының сарапшысы.
Бақытжан Жұмабекұлы, Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының сарапшысы:
Кейбір коммуналдық ұйымдардың саясаты қалдықтарды жинау емес, полигонға апарып төгу емес, оны тегістей салу.
Бақытжан Жұмабекұлының айтуынша, бұл маңға лайықты экологиялық бақылау жүргізілмейді. Соның салдарынан жақын маңдағы құрылыс нысандары қалдықтарды осында әкеліп төгіп тастайды екен.
Қоқыстың дәл жанына экологиялық бекет те орнатылыпты. Бірақ, күзетшісінде не арнайы байланыс құралы, не күзетші екендігін білдіріп тұратын киімі жоқ.
Ал, түнде бұл жер тіпті қараусыз қалатын көрінеді.
Амангелді Сартаев, экологиялық бекеттің күзетшісі:
Түнде әкеліп төгіп тастайды. Оны кім төккенін де білмей қаласың.
Ал, аудан әкімдігі «тұрғындар бұл жерлерді заңсыз басып алған», дейді. Олардың сөзінше, қараусыз қалған жерді алаяқтар алып, халыққа сатады. Ал, жұрт ол аймақтың өмір сүруге жарамсыз екенін білмеуі де мүмкін.
Түсіп Рыспеков, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
Ол жерде негізі бау-бақша өсірілуі керек. Тұруға жағдай жоқ. Бірақ, халық саяжайды сатып алып, жанынан үй салып жатыр.
Саламат Омаш, тілші:
Бұл жердегі әр үйдің астында екі метр тереңдікте қоқыс толып жатыр. Ең өкініштісі, су ішетін жер де, балалар ойнайтын аумақ та осы алаңда.
Саламат ОМАШ