Тамыздың 1-2 күндері Алмаарасан шатқалындағы «Сұңқар» орталығында отбасылық фестиваль өтеді.
Биыл 2-ші рет ұйымдастырылатын шараға республиканың барлық аймағынан отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар келмек.
Осыған орай, бүгін Алматыда фестивальді ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатын өткізді.
Айтуларынша, бұл жолғы мереке - «Тірі әлем» деп аталады. Шара аясында балалар ән айтып, би билеп, түрлі қолөнер бұйымдарын жасап үйренбек. Тауға шығып, табиғатты тамашалайды. Спорттық сайыстарға қатысып, медицина орталықтарына тегін қаралып, кеңестер алмақ.
Ботакөз Алдоңғарова, «UNITY FAMILY FEST» фестивалінің директоры:
Фестиваль жылдан-жылға қанат жайып келеді. Балаларға ойын-сауық бағдарламаларынан бөлек, танымдық, жанұя қарым-қатынасы туралы дөңгелек үстелдер мен қызықты пікір алмасулар ұйымдастырылады. Биыл фестивальге келушілерді арнайы «Сұңқар» орталығына арнайы апармақпыз. Онда ересектермен қоса, балалар да Қызыл кітапқа енген құстарды көріп, тірі табиғатты аялау қажеттігін түсінеді.
Жазира ИСАЕВА