Елордалық полицейлер көлігін велосипедке ауыстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық полицейлер көлігін велосипедке ауыстырды

14.07.2014
Елордалық полицейлер көлігін велосипедке ауыстырды

Астаналық полицейлер көліктерін велосипедке ауыстырды. Шілденің басынан бері парктерде, адамдар көп жүретін жерлерде топ полицей тәртіпті велосипед арқылы бақылауда.

Тәртіпсіздік болып жатса, полицейлер оқиға орнына тез жетеді. Кінәліге айыппұл салуға, кісен тағуға құзыры бар.

Әзірге олардың саны - 12. Егер, бұл велосипед қызметі тиімді болып жатса, олардың қатары көбейеді.

Арман Айтмағамбетов ІІД жол-патрульдік полиция полкінің командирі:

Бұл - патрульдік полицияның жаңа мобильді түрі. Шілденің алғашқы күнінен бастап, қаладағы ондаған паркке шығардық. Осының арқасында  қала жұртшылығы өздерін қорғалған азамат ретінде сезінуде.

Иә, әдеттегі тәртіп сақшысынан тек көлігімен ғана емес, киім киісімен де ерекше бұлар.

Үстіне ілгендері - қырлы форма емес, жартылай спорттық киім.  Туфлиді тастап, оны жеңіл спорттық аяқ киіммен ауыстырған. Фуражканы бейсболкамен айырбастаған. Мұншама өзгеріс неге қажет дейсіз бе? Велосипедті жеңіл айдау үшін. 

Нұрбек Бекбау, тілші:

Велосипедтегі полицейлер. Бұлардың мүмкіндіктері көліктегі патрульден, жаяу жүргінші полицейден де молырақ. Бұлар парктің кез келген жеріне жылдам жете алады. Қажет болса, күдіктінің соңынан шапшаң қуып жетеді.

Асылхан Жүзбаев, жол-патрульдік полиция лейтенанты:

Велосипедпен көлік бара алмайтын жерге барамыз. Жаяу патрульдер 1-2 сағат аралап жүретін жерді біз жарты сағат, 45 минут шамасында бүкіл аумақты айналып өтеміз.

Велосипедтегі деген аты болмаса, көлікті полицейлерден бір мысқалда кем емес. Беліндегі тапаншасын, белдігіне ілген кісенін айтпай-ақ қоялық. Бұл кісілерде МАИ көлігіндегідей бейнебақылау құрылғысына дейін бар.

Әңгіме барысында, полицейдің арнайы құрылғыны  көтеріп, қолымен бағыттағанын байқаған шығарсыздар.  Бұл - бейнебақылау.

Бейнебақылау - полицейдің өзін һәм ол тоқтатқан азаматты да қорғайды. Мәселен, тәртіп бұзып, онысын құқық қорғаушыға аудара салатындар көп немесе дөрекі сөйлейтін де полицей бар. Кеудедегі мына аппарат сондай олқылықты түсіреді.

Әзірге, велопатрульдің саны - 12. Егер бұл топ тиімді болса, бұл көлікке мінетін полицейлердің қатары артпақ.

Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу