Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» арқылы өндірісті дамытуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» арқылы өндірісті дамытуда

09.07.2014
Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» арқылы өндірісті дамытуда

Өзгүр Демирал - қаржысын қазақстандық бизнеске салған түркиялық кәсіпкер. 10 жыл бұрын Орал қаласында серіктестік құрып, есік-терезе жасайтын цех ашты. Ал, жуырда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкер, тауарлы бетон шығаруға кіріскелі отыр.

Өзгүр Демирал саудадан түскен қаржысын қолтығына қыспай, өндіріске салады. Алдымен жиһаз, кейін пластик профилдер өндірісін жолға қойды. Нәтижесінде табысы еселеп артты. Бүгінде ол құрған «Каризма» компаниялар тобы еліміздің 15 қаласында бөлімше ашып, бизнесін сәтімен жүргізіп отыр.

Өзгүр Демирал, кәсіпкер:

Біздер «Каризма» компаниясын бастағанда ештеңе болған жоқ. Базамыз болған жоқ. Кеңсеміз  болған жоқ. Бәрін жалға алдық. Ешқандай құрал-жабдық та болған жоқ. 5-6 адаммен бастаған «Каризмада» қазір жалпы саны 255 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорында дайындалған жиһазға елімізде сұраныс жоғары. Бұған қоса, Ресейдің екі облысының бизнес өкілдері қызығушылық танытып, өзара сауда туралы келісімшарт жасауды  көздеп отыр. Ал, әсем де сапалы жиһаз жасау Айдос Мұтәлиев сияқты білікті мамандарға сеніп тапсырылған.

Айдос Мұталиев, жиһаз қаптаушы

Ағаш келеді бізге. Біз оны паралонмен, матамен қаптап, дүкенге  дайын түрінде шығарамыз, сатуға. Жиһаздар  жақсы, әдемі, сапасы да жақсы.

Серіктестік елімізді пластик өнімдерімен қамтып отырған үш ірі кәсіпорынның бірі. Былтыр екі мың тоннадан астам өнім шығарылды. Іскер жан мұнымен тоқтамақ емес. Қарқынды дамып келе жатқан құрылыс индустриясына да қаржы салуда. Биыл кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде тауарлы бетон өндірісін жолға қоймақшы.

Өзгүр Демирал, кәсіпкер:

88 миллион теңге. Соның 73 миллион теңгесін «Даму»  арқылы субсидиялап отырмыз. Ол бізге өте үлкен көмек. Осы өндірісте аз дегенде 25-30 адам жұмыс істейді. Жыл сайын сол жұмысшылар санын 5-10 адамға өсіреміз.

«Бизнестің жол картасы» аясында «Каризма» серіктестігі сияқты кәсібін дөңгелеткен кәсіпорындардың саны  Орал қаласында артып келеді.

Ринат Шәуенов, Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: 

Облыс бойынша 323 жоба несиелендірілген, 45 миллиардтың үстінде қаражат бөлінген. Соның ішінде 223 жоба қала орталығындағы шағын кәсіпкерліктер болатын.

Алда тұрған жоспар көп. Бастысы, қолға алған ісіңді  дамыта түсу,- дейді іскер жан.

Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу