Астаналықтар татар-башқұрт халықтарының ұлттық сабантой мейрамын тойлады.
Қазақстандағы ұлыстар арасындағы ынтымақ пен достықты дәріптейтін бұл мерекеге халық көп жиналды.
Татар-башқұрт халқының өкілдері ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрлерін көрсетті. Мерекеде белбеу күресі, қап жарыс, қол күресі, шелекпен жүгіру сынды түрлі ұлттық, спорттық ойындар өткізілді.
Сондай-ақ, әннен шашу шашылып, биден өрнек тігілді. «Сабантой-2014» мерекесі «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 жыл - 20 игі іс» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Гүлнәзира Сәдуақасова , «Достық» ансамблінің жетекшісі:
Бұл мерекені тек татар-башқұрт халықтары ғана тойламайды. Мында бізді құттықтауға барлық ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері жиналып отыр. Біздің мемлекетімізде 100-ден аса ұлыс өкілдері тұрады. Олар татулық пен бірлікте мамыражай ғұмыр кешеді. Бұл әрине, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы екендігі сөзсіз.
Шырақ БАЙКЕНОВА