Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ Наурыз мейрамын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ Наурыз мейрамын тойлады

15.03.2019

Үлкен ұжым бір кісідей атсалысып, белсене қатысқан думанды шара барынша сән-салтанатымен өтті. Киіз үй, алтыбақан, алуан түрлі ұлттық тағамдар мен бұйымдар бәрі де осында.

Той жарыс түрінде өтті. Түрлі бөлімдерден құралған 17 топ қазақы дәстүрді, тағам түрлерін, киім үлгілерін көрсетіп өзара бәсекеге түсті. Командалық есептен бөлек, «Ең үздік ер адам киімі» мен «Ең үздік әйел адам киімі» және безендіру, ән мен би, терме мен күй, үздік қойылым иегерлері де марапатталды.

Қайрат Мұсақұл, Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары:

- Біздің ұжым - тонның ішкі бауындай етене араласып кеткен тату-тәтті ұжым. Жалпы, жұмыстың ыңғайы соған бейімдеп тұрады.

Белді журналистер, телевизия ардагерлерінен құрылған қазылар алқасы әр топтың дайындығын жіті қарап, қатаң бағалады. Әсіресе, дәстүрдің тазалығына, көркемдігіне, мәні мен мағынасына ерекше назар аударылды.

Сонымен сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды сіздерге күн сайын ел мен жаһанның жаңалығын таратып жүрген Ақпарат бөлімі жеңіп алды. Екінші орынды Ұлттық арна мен «Қазақ радиолары» бөліссе, «balapan» телеарнасы мен Эфирлік саясат бөлімі үшінші орынды қанағат тұтты.

Ұлыстың ұлы күнін үлкен ұжым болып осылай қарсы алдық. Мерекенің түпкі көздеген мақсаты да - осы. Ынтымақты, татулықты, бейбітшілікті насихаттау. Ендеше, құрметті көрермен, ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу