Шілденің 6-сы. Бас қаламыздың туған күні. Ол күнге дейін, әлі бір айға жуық уақыт бар. Бірақ, дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті.
Мүсіншілер - көше бойына – шұрқырай шауып бара жатқан жылқылардың, керуен тартқан түйелердің, қысқасы қазақы өмірден сыр шертетін мүсіндерді орнатып жатыр. Одан қалды, қала әкімшілігі гүлзар, аллеяларды жаңартып жатыр. Қаланың бірнеше жерінен сахна тігіп, ақшаңқан үйлерді қойып жатыр.
Қуаныш Қабышұлы, жұмысшы:
Мынау көріп тұрған жерлеріңізде үлкен сахна болады. Түрлі қойылымдар, концерттік бағдарламалар беріледі. Анау, арбаның дөңгелегі болып тұрған, соның үстіне киіз үйлер тігіледі. Мынау ақ шатырлардан қонақ күтетін қонақ үйлер болады.
Мерекеге ерте қамданудың да өз себебі бар. Себеп сол, Қала күні – бір тәулікпен тәмамдалмайды. Мейрамды тойлау маусымның 20-нан басталады да, шілденің қақ ортасына дейін созылады.
Диляра Ибрагимова, мерекелік шараны ұйымдастырушы:
Маусымның 20-нан бастап, мерекелік шаралар басталады. Бір күні қаланың мынау бұрышында ән кеші өтсе, ертеңіне орталық алаңда көрме өткізбекпіз. Қолөнершілердің базарын ұйымдастыру ойда бар. Кішкентай тұрғындарымызға осы жолы көп көңіл бөлінбек. Оларға арналған бірнеше күндік бағдарламаларымыз бар. Қысқасы, қала жұрты мен қонақтардың бір ай бойына көңілдері көтеріңкі жүруге барымызды саламыз.
Нұрбек Бекбау, тілші:
Жұмыс қызу жүріп жатыр. Өздеріңізде көріп тұрсыздар. Қаланың бір шетінен алаңқайлар дайындалып жатса, енді бір жерлерде ақ боз үйлер бой көтеруде. Жұмысшылар – «межелі уақыттан жарты ай бұрын, бүкіл шаруаны аяқтаймыз», деп отыр.
Нұрбек Бекбау