500-ден аса көпқабатты үйге күрделі жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

500-ден аса көпқабатты үйге күрделі жөндеу қажет

07.06.2014
500-ден аса көпқабатты үйге күрделі жөндеу қажет
Телеарнамызға Қызылордада тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша, екі жылға жуық уақыттан бері үйлеріндегі күрделі жөндеудің аяқталуын күткен тұрғындар хабарласыпты. Айтуларынша, мердігер компания осыдан бір жарым жыл бұрын басталған жаңалау жұмыстарын жарты жолда тастап кеткен.
 
Облыс орталығындағы «Шұғыла» мөлтек ауданы 39-үй тұрғындарының жайлы үйде тұрамыз деген қуанышы су сепкендей басылды. Міне, бір жарым жылдан бері олар өздері ойлаған мұнтаздай таза, заман талабына сай тұрғынжайда емес, шұрық-тесік, қырық жамау баспанада тіршілік етуде. Ашынған көпшіліктің айтуынша, құрылысшылар алдымен үйдің төбесіндегі жабындыларды алып тастаған. Сонан соң подъездердегі терезелер мен жертөледегі есіктерді жаңаламақ болған. Бірақ, қаржы жетпей қалды, деген желеумен бас-аяғы бір айға созылған істі аяқсыз қалдырған. Соның салдарынан елу отбасы зардап шегіп отыр. «Мұның барлығы жұмысына салақ қараған жүгенсіз мердігердің кесірі»,-дейді ашынған Мәрия апа.
 
Мәрия Ахметова, тұрғын:
Бұзып-бұзып, быт-шытын шығарып кетті. Жауын жауған сайын төбемнен, терезенің тұсынан екі бөлмемнен ылғи су ағады. Сол сумен жаңбыр жауған сайын алысып шығамын. Бұл модернизация емес, бұл маған әлек алып келді. Бұрын өзіміз төбемізді жауып қара қағазбен, үстіне май құйып сөйтіп отыратынбыз.
 
Салиха Ибрагимова, тұрғын:
Шынын айтқанда, бұрынғы үйіміз жақсы еді. Подъезд есігі, мына жертөленің есігі де дұрыс болатын. Төбеміздегі темірлер түсіп кете ме деп қорқамыз. Бірдеңе ұрынып кете ме деп жанымыз шығады, сыртқа шығып балалардың жанында жүреміз.
 
Осы мәселеге жауапты сала басшылығы «бұл үй биыл толық жөнделеді», деп сендірді. Жалпы, облыс орталығында 697 көпқабатты үй болса, оның бес жүзден астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл ел қазынасынан бөлінген 2 миллиард теңгеге жуық қаражат осындай 72 баспананы ретке келтіруге жұмсалмақ.
 
Біржан Далабаев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: 
Бірінші кезекте осы аяқталмаған үйлерді толық аяқтап, қосымша тағы қырық жеті көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бөлінген қаражат осы жаңағы 2012 жылдан қалған үйлерге және биылдан жаңадан жоспарланып отырған қырық жеті үйді толық аяқтауға жеткілікті.
 
Ал, жайлы үйді аңсаған тұрғындар енді жергілікті билік пен жауапкершілік жүгін арқалаған мердігерден нәтижелі іс күтеді. «Жұмыс сапалы орындалса, бағдарлама талаптарына сәйкес, ай сайын төлем жасаудан қашпаймыз»,- дейді олар.
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ
 
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу