Өскеменде Кенигсберг қаласын жаудан қорғаған майдангер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде Кенигсберг қаласын жаудан қорғаған майдангер тұрады

16.04.2014
Өскеменде Кенигсберг қаласын жаудан қорғаған майдангер тұрады
Өскеменде ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Кенигсберг түбіндегі шайқастарға қатысқан майдангерлердің дәстүрлі кездесуі өтті. Мұндай шара шығыстың бас шаһарында ең алғаш рет осыдан 15 жыл бұрын ұйымдастырылып, содан бері  жалғасып келеді.
 
Құрмат Рахимов майданға Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан шақырылған. Жаумен Беларусь, Литва және Шығыс Пруссияда соғысты.
 
Көп шайқастардың ішінде Гертаколи қаласының маңында болған қақтығысты әлі ұмытқан емес. Барлаушылар отрядымен маңызды операцияға қатысқан кезінде кенеттен жаудың қарсы шабуылына тап болады. Командир қатты жараланған соң сержант Рахимов қаруластарына өзі басшылық етеді.
 
Құрмат Рахимов, соғыс ардагері:
Басшылықты өз қолыма алып, гранаталарды дайындаңдар, деп тапсырма бердім. Бірімізден соң біріміз он шақты гранатаны лақтырдық.
 
Осы шайқаста барлаушылар отряды жауды түгелдей жайратып, штабқа неміс командирлерінің бірін тұтқынға алып келеді. Ал, Құрмат Рахимов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
 
Қарт майдангер Кенигсберг қаласын жаудан азат етуге де қатысқан. Бұдан соң олардың полкы Берлинге аттануды күтіп, Инстинбург станциясында аялдап тұрады. Жеңіс туралы қуанышты хабар Құрмат ақсақалға сол жерде жетіпті.
 
Құрмат Рахимов, соғыс ардагері:
Берлиннен ұшып келе жатқан  ұшқыштар көрші аэродромға қонды. Солар 7 мамыр күні кешке соғыс бітті, Германия жеңілгенін мойындады, деп айтты.
 
Қан майданның отты жолдарын қажымай жүріп өткен қазақ солдаты соғыстан кейін де бар қажыр-қайратын туған еліне адал қызмет етуге арнаған.
 
Алғашында шекарамыздың мызғымастығын қорғаса, одан кейін 40 жыл бойы Ішкі істер саласында жұмыс істеген. Жасы 90-ға келсе де ардагер әлі тың. Газет-журнал оқып, үнемі қаладағы іс-шараларға белсене қатысады.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу