Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындары ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындары ұсынылды

27.03.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындары ұсынылды
 
«Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиіс». Бұл Елбасының биылғы Жолдауында баса айтылды. Әрине, ол үшін кембағал жандар мемлекетке алақан жаймай, ел қатарлы жұмыс істеуі керек. 
 
Бүгін Астанада мүгедек жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
 
Фидель Баймақов бес жылдан бері жұмыссыз. Айтуынша, кезінде құрылыс саласының  маманы болыпты. Тағдырдың жазуы болар, күні қос балдаққа қарап қалды. Қазір ІІІ топтағы мүгедек. Жасы да біразға келді. Сондықтан, ыңғайлы жұмыс табудан күдерін біржола үзген. Бірақ, бүгін көңіліндегі үміт оты қайта жанды. Жұмыспен қамту жәрмеңкесіне алғашқылардың бірі болып жетті.
 
Фидель Баймақов, қала тұрғыны:
Мекемелерді аралау бізге қиындау. Осы жәрмеңкеден кез келген жұмысты табуға болады.
 
Жасыратыны жоқ, жұмыс берушілердің бәрі бірдей мүмкіндігі шектеулі жандарды қатарына қабылдауға дайын емес. Мекеме басшылығы дайын болғанымен, отырған ғимараттары мүгедек жанның кіріп-шығуына қолайсыз.
 
Сондықтан, бүгінгі жәрмеңкеге осы талапқа сай 80 мекеме қатысты. Кейбір ұжым көптен бері таба алмай жүрген маманын  осы жерден тапты.
 
Әсия Мұстафина, «Қазақстан» орталық концерт залының бөлім басшысы:
Бір кісі келіп, көзі көрмесе де, рояль аспабын бабына келтіре алатынын айтты. Біз оның барлық деректерін алып қалдық.
 
Дәл қазір Астанада ІІІ топтағы 292 мүгедек тұрақты жұмыс істеп жүр. Жұрт қатарлы жалақы алады. Еңбек шарттарына сәйкес, өзге де көмектен құр қалмайды.
 
Ендігі міндет - жұмысқа жарамды, бірақ, бос жүрген 2 мыңдай осындай жанға жұмыс тауып беру.
 
Сапар Ахметов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
Астанада 1882 азамат жұмыс істеуге қабілетті деп танылуда. Ал, өткен жылы қала бойынша 292 адамды жұмысқа орналастырсақ, биыл одан 2-3 есеге арттыруымыз керек. Оған барлық мүмкіндік бар.
 
Сондай-ақ, биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Елордада 300 мүмкіндігі шектеулі жан қайта даярлаудан өтпек. Ал, мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың жанынан оларға арнап қосымша 1000 жұмыс орнын ашу
жоспарда бар.
 
ШынарАСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу