Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыссыз қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыссыз қалмайды

27.02.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыссыз қалмайды
Елбасы Жолдауын қолдау мақсатында Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған жүздеген кембағал адам қатысып, олардың басым бөлігі тұрақты еңбек ету мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкенің соңы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамтуға арналған жұмыс берушілердің форумына ұласты.
 
Жәрмеңкеде 134 кәсіпорынның мыңнан аса бос жұмыс орындарын ұсынуы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері ұнатқан кәсіптерін еркін таңдауларына мүмкіндік берді. Яғни құжат тапсырған 252 азамат өзіне қолайлы жұмыс тапты. Солардың бірі - алты баланың анасы Айгүл Құралбаева. Тумысынан кембағал жан қол қусырып қарап отырғанды құп көрмеймін дейді.   
 
Айгүл Құралбаева, ІІ топтағы мүгедек:
Мүгедек жандарды білесіздер, көп қимылдай алмаймыз. Компьютерді бітірдік, әйтеуір іздеп жатырмыз өзімізге лайығын. Диспетчер, сатушы сондайлар бар екен. Өзіме ыңғайлы.
 
Облысқа іссапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жәрмеңкеге арнайы қатысып, жұртшылықпен жүздесті. Сонымен қатар, министр мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамтуға арналған жұмыс берушілердің форумына қатысты. Әлеуметтің әлжуаз тобына жұмыс ұсынған кәсіпорындарға үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.  
 
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Оқытып аламын, содай кейін жұмысқа тұрғызамен дейтін жұмыс берушілер болатын болса, онда біз оқуға қаражатын толық төлейміз. Стипендиясын, тұратын жері болмаса олардың қаражатын төлеуді толық жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы атқаруға көмектесуге даяр екенімізді жеткізгім келеді.
 
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 106 мың мүмкіндігі шектеулі адам есепте тұрады. Олардың 28 мыңы еңбек етуге қабілетті. Демек, осынша жұмыс күшін тиімді пайдалана білсек, біраз тірлікті дөңгелетіп тастауға болады. 
 
Форум аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін жұмыс берушілерге арналып үндеу қабылданды. Өз кезегінде олардың да бұл бастаманы қолдап әкететініне сенім мол.
 
 
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ
 

Хабарламаларға жазылу