Жүрек жылуын өнерімен өрнектеген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүрек жылуын өнерімен өрнектеген жан

24.03.2014
Жүрек жылуын өнерімен өрнектеген жан

Жыл басы әз-Наурыз қыс бойы барыс-келісі саябырсып, көптен көріспеген ағайынның бір-біріне жақсы тілек айтып, көрісетін шағы. Тараз қаласында тұратын Әсемкүл апа жылда бұл мерекеде отбасына ерекше тарту-таралғы жасайды.

 
Қашанда қол қусырып, қарап отырмайтын ол тоқыма өнерінің шебері. Өрнектеп орамал, кеудеше тоқиды. Наурыз мерекесімен құттықтап келген ұл-қыздарына өз қолынан шыққан осы бұйымдарды сыйға беруді дәстүрге айналдырған.
 
Ғани Қалмаханов, тілші:
Әсемкүл апаның үйі бейне бір қолөнер мұражайы іспетті. Мұнда мына секілді тоқыма бұйымдарынан бастап, ұзатылар қыздың жасауы, түскиіз, сырмақтан бастап киіздің бау басқұрына дейін бар. Мұның барлығы қолы шебер әженің түн баласына кірпік айқастырмай, көз майын тауысып істеген заттары.
 
Іле білген тоқи да біледі. Ою бастырып, көрпе тігу, тоқыма тоқу Әсемкүл апаның бала кезде үйреніп, содан әлі күнге ерінбей-жалықпай істейтін тірлігі. Қолынан шыққан бұйымы өрнегімен ерекше. Ілмектелген жіптің әрбір кесетесі аналық мейірім, ізгілік шуағымен өрілген. 
 
Әсемкүл Әбдірахметова, Тараз қаласының тұрғыны:
Әр оюды сипалап отырып істеудің өзі ана үшін бір рахат. Бір сипап өткеніңде соған бір бақытыңды тілеп отырасың. Әрбір сипаған сайын менің алақанымның жылуы барсын деймін.  
 
Наурыз мерекесінде бұл отбасының барлық перзенті қара шаңыраққа жиылады. Дастарқанда бас қосып, аналары әзірлеген наурыз көжеден дәм татады. Ұлыстың Ұлы күнінде Әсемкүл апа талай күн тапжылмай отырып тоқыған бұйымдарын үлестіреді.
 
Бегалы Ералиев, ұлы:
Аяулы анамызыдың қолынан шыққан мұндай бұйымдар бізге әрдайым бір жылылық, мейірімділік, жақсы сезімде жүреміз. Әлі де біздің қамқорымыз бар екенін, бізге деген сезімін, махаббатын сезінеміз.
 
Бұл - Дадабаевтар отбасындағы жылдағы дәстүр. Жыл басында жасалған мұндай ізет шаңырақтың ауызбіршілігін бекемдей түседі, дейді отағасы:
 
Ералы Дадабаев, Тараз қаласының тұрғыны:
Бұл - бірлік. Бірлік бар жерде тірлік бар. Сүйіспеншілік, бір-біріне бауырлық, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады.
 
Осылайша жан жылуын сезінген ұл мен қыз Ұлыстың Ұлы күнінде болашаққа бағдар түзіп, атқарылар тірліктерін де кеңеседі.
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу