Астанада жолаушылар автобусы мен кран соқтығысты (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жолаушылар автобусы мен кран соқтығысты (толығырақ)

17.03.2014
Астанада жолаушылар автобусы мен кран соқтығысты (толығырақ)
Бүгін таңғы сағат 8-дер шамасында  Астана іргесіндегі Қосшы тасжолында ірі жол апаты болды. Жолаушылар мінген автобус кран автокөлігімен соқтығысты. Соның салдарынан  15 адам зардап шекті.
 
Арасында 7 жастағы бала мен 80 жастағы қария да бар. Олар сол сәтте  республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына жеткізілді.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Жол апаты Қосшы тасжолының дәл осы тұсында болған. Қала жақтан келе жатқан кран көлігі солға бұрыла бергенде, қарсы беттегі жолаушылар автобусына соқтығысады. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан автобус жолдан бірнеше метрге ұшып кеткен. Ал, кран жол жиегіне аударылып қалған.
 
Автобустың іші жолаушыларға лық толы болған.  Дәуіт Қалиев таң атпай қалаға тісін емдетуге шыққан беті екен. Апат кезінде автобустың жақтауы алдыңғы қатарда отырған қарияның бетіне тиіп, сол емдетемін деп отырған тісінен түк қалдырмапты. Дәрігерлер оның бет терісін тікті. Қазір жағдайы орташа, Ал, қасында болған жұбайы жансақтау бөлімінде жатыр.
 
Дәуіт Қалиев, зардап шегуші:
Есімде ештеңе қалған жоқ. Тек бір білетінім, қолымда арбам бар еді, барлығы далада қалды.
 
Зардап шеккен 15 адамның бесеуі қазір жансақтау бөлімінде, үшеуі палатада. 7 жастағы бір бала қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Алты науқас амбулоториялық ем қабылдауға жіберілді.
 
Ауруханада жатқандардың арасында автобус пен кранның жүргізушісі де бар. Бірақ, екеуі де журналистерге сұхбат беруден бас тартты.
 
Ерсін Жүнісов, республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының инновация және ғылым жөніндегі директоры:
Автобус жүргізушісінің жағдайы орташа ауырлықта. Ота жасалғаннан кейін, бәрі сәтті болса, 10 күннің ішінде амбулоториялық ем қабылдайтын болады.
 
Аударылған кран жолай тағы екі машинаны соғып үлгеріпті. Қазір оқиғаның мән-жайын Ішкі істер органдарының өкілдері анықтауға кірісті.
 
Бақытжан Алтыбаев, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
Алдын ала болжам бойынша, жол-көлік оқиғасы «КаМАЗ» жүргізушісінің қателігінен болған.
 
Кран жүргізушісінің кінәсінен болған дәл осындай оқыс оқиғаны қала тұрғындары әлі ұмыта қоймаса керек.
 
Осыдан екі жыл бұрын Елордадағы Сарыарқа-Кенесары көшелерінің қиылысында тапа-тал түсте кран мен жолаушылар автобусы соқтығысқан еді. Ол жолы оқиға орнында автобустың төрт  жолаушысы қаза тапқан. Абырой болғанда, бұл жолы адам шығыны жоқ.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу