Италиялық университет ұжымы Елбасы Жолдауын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италиялық университет ұжымы Елбасы Жолдауын талқылады

14.03.2014
Италиялық университет ұжымы Елбасы Жолдауын талқылады

«Ғылымды қаржыландыру -Тәуелсіз Қазақстан жетістігінің кепілі». Президенттің Жолдауына қолдау білдірген Италияның Ла Сапиенца университетінің басшылары осылай мәлімдеді.

 
Батыстағы беделді білім ордасы бүгінде қазақстандық оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға қызығушылық білдіріп отыр.
 
Ла Сапиенца - Римдегі алғашқы университет. 1303 жылы Бонифаций VIII папаның бастамасымен құрылған. Қазақша «даналық» деген мағынаны білдіретін оқу ордасы сан ғасыр өтсе де, атына заты сай. Еуропаның оқу орындары осы университетпен байланыс орнатқанын бақыт санайды. Ал, Сапиенца ұжымы болса, қазақстандық білім ордаларымен ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып отыр.
 
Антонелло Фолько Биаджини, «La Sapienza» Рим университетінің проректоры:
Жақында бізге қазақстандық оқу орындарынан бір топ делегация келіп кетті. Таныстық, білістік. Енді  гуманитарлық, техникалық мамандарды даярлауда тәжірибе алмассақ, біріккен жобаларды жүзеге асырсақ, деген ниетіміз бар. Өйткені, қазақ Президентінің Жолдауында ішкі жалпы өнімнің 3 пайызы ғылымды қаржыландыруға жұмсалады, деп жазылған. Бұл - керемет қолдау. Дамыған Батыс елдері, біз үшін де бұл -  қол жетпес арман.
 
Проректордың айтуынша, Италия үкіметінің ғылымды қаржыландыруы бүгінде ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жетер-жетпес. Сондықтан, мемлекеттік оқу орны тың идеяларды жүзеге асыруда кәсіпкерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осы ретте Жолдаудағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытын да ғалымдар жоғары бағалап отыр.
 
Антонелло Фолько Биаджини, «La Sapienza» Рим университетінің проректоры:
Экономиканың қозғаушы күші саналатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бағыттары өзіме қатты ұнады. Өйткені, мұндай әлжуаз топтар дамыған елдерде үкіметтің назарынан тыс қалып жатады. Ал, сіздердің басшыларыңыз әлеуметтік салаға баса көңіл бөлген. Инфрақұрылымды дамыту, қосымша жұмыс орындарын ашу мәселелері де құжатта нақты жазылған. Сондықтан, бағдарламадағы мақсаттар мерзімінен бұрын орындалады, деген сенімдемін.
 
Жүзеге асыру жолдары дәйекті жазылған Жолдауды басшылар университеттің сайтында жариялапты. Қазақ елі туралы кең мағлұмат таратуға осында оқитын қазақстандық 11 студент те үлес қосып жүр.
Ғылымға инновация енгізуді көздеген қазақ жастарына қосылып, шетелдік студенттер де Қазақстанда еңбек етуден дәмелі.
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу