Қиындыққа мойымаған қайсар қыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қиындыққа мойымаған қайсар қыз

05.03.2014
Қиындыққа мойымаған қайсар қыз

17 жасында көлік апатына ұшырап, екі аяғынан айырылған Гүлмира Батпақұлова - қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жан. Арбаға таңылса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпады.

 
Жоғары білім алып, өзі тұратын Орал қаласының қоғамдық өміріне белсене араласты. Кембағал жандарға қолдау көрсетуге кірісті. Бұл бағытта жеткен жетістіктері де жоқ емес.
 
Бүгінде Гүлмира «Арба» атты қоғамдық бірлестікті басқарады. Бұл ұйымның құрылуына бес жыл бұрын өзі ұйытқы болған еді. Ондағы мақсат - тағдыр тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты көмек көрсету болатын.
 
Гүлмира Батпақұлова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Бір-бірімізге көмектесейік, қолдау білдірейік, деген оймен ашылды. Екінші жылдан бастап, адамдар көп келе бастады. Психологиялық, құқықтық көмек сұрап келеді.
 
Бес жыл ішінде бірлестік мүшелерінің көмегіне жүздеген жан жүгінген. Енді біреулері осында орнығып, ортақ іске атсалысуды жөн санапты. Солардың бірі - Сандуғаш Баймұқанова мұндағы «Алтын қол» үйірмесіне жетекшілік етеді.
 
Сандуғаш Баймұқанова, І топтағы мүгедек:
Үйден шыққың келмей, ешқайда барғың, ешкімді көргің келмейді. Осындай жағдайда жүргенімде Гүлмирамен таныстым. Тағдырлас адамдар бірін-бірі жақсы түсінеді.  
 
Соңғы жылдары Гүлмира Батпақұлова басшылық ететін «Арба» бірлестігі мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Өткен жылдан бері ұйым І топтағы мүгедектерге әлеуметтік оңалту бағдарламасы аясында жеке көмекші тағайындау ісін атқарады.
 
Гүлмира Батпақұлова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Былтыр 85 адам болған. Биыл енді 124-ке жетті. Жеке бөлме беріп, бірлестігіміз кеңейіп жатыр деп айтуға болады.
 
Облыста арбаға таңылған 800-ден астам адам бар. Соның 150-і қоғамдық ұйымға мүше. Бірақ, біз облыстағы барша мүгедектердің мүддесін қорғауға тырысамыз, дейді Гүлмира Батпақұлова.
 
Сондықтан, бірлестік төрайымын өңірдегі әлеуметтік мәселелерді көтерген түрлі кездесулер мен жиындардан жиі көруге болады. 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу