Жас мамандар кеңесі - жақсылық бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас мамандар кеңесі - жақсылық бастауы

08.02.2014
Жас мамандар кеңесі - жақсылық бастауы
«Жас келсе - іске». Жаңаөзен қаласында мұнай компаниясының жанынан құрылған «Жас мамандар кеңесі» игі шаралардың бастамашысы болып жүр. Ерікті жас мұнайшылар тобы әріптестерінің идеясына қолдау көрсетіп, қоғамдық шараларды да жиі ұйымдастырып тұрады. Ең бастысы - өндірісті өркендетуге, инновация енгізуге талпынуда.
 
Сандуғаш Шортанова, тілші:
«Өзенмұнайгазда» 10 мыңға тарта мұнайшы бар. Соның 4 мыңға жуығы жастар. Мұнда вахталық тәсіл, яғни 15 күндік жұмыс тәсілі жоқ. Жастар қалаға келіп кетіп, қатынап жұмыс істейді. Бір ерекшелігі - бұл жерде ауа райы өте қатаң. Қыста 50 градус суық, жазда 50 градус ыстық. Соған қарамастан, жастар еңбегін адал атқарып жүр. Және қоғамдық жұмыстардан да кенже қалып жатқан жоқ.
 
Ерлан Жұматтың айналасына ылғи өнерлі жастар жиналады. Ән айтудың, күйсандықта ойнаудың қыр-сырын әріптестеріне үйретуден бір жалыққан емес. Бұл Ерланның бос уақытында атқаратын ісі, әрі мұнысы үшін ешкімнен ақы талап еткен емес. Оның негізгі жұмысы өндірісте. Ол электрлі мұнай ұңғымаларын токпен қамтушы болып еңбек етеді.
 
Ерлан Жұмат, мұнайшы:
Күндіз жұмыста болсақ, кешке мұнайшы жастар жиналып, өндіріске қандай жаңалықтар енгіземіз, соны ойластырамыз. Мақсатымыз – мұнай саласын өркендету. Қазіргі көзбен қарасақ, патриоттық сезімі өте жоғары, мәдениетті, қазақ тіліне бекем, елінсүйгіш, намысшыл, елім, жерім дейтін жастар өте көп.
 
Ұлтжанды жастардың басын бір жерге біріктіру бастапқыда қиын болған. Бәрі «Жас мамандар кеңесінің» болашағына сенбеді. Бірақ бастамашыл жігіттер үш айдың ішінде қатарына 400-ге тарта еріктіні қосып, қоғамдық іс-шараларды бастап кетті. Ардагерлерді ардақтады, жетімдерді жебеді, мүгедектерді мүсіркеді. Қайырымдылық жасай отырып, өз араларындағы тентектерін де тиды.
 
Асқар Ноғаев, «Жас мамандар кеңесінің» төрағасы:
Мұндайды біздер бұрын көрмеппіз, мүгедектердің жайын көре тұра, неге біз үнсіз қалып жатырмыз деген оймен, жастарды дұрыс жолға бағыттап, жастардың бетін бері қаратып жатқан жайымыз бар.
 
Асқардың жылы бөлме, жайлы орында басшы болып отырғаны бүгін ғана. Тек бізге көрсету үшін. Әйтпесе, ол да қара майға малынған қарапайым мұнайшы. Жұмыста жүріп, жастардың пікірін тыңдайды, идеясы болса, кеңеске алып келіп, ойын көпшіліктің ортасына салады. Тұщымды болса, өндіріс басшыларына жеткізеді. Кейін жүзеге асырады.
 
Асқар Ноғаев, «Жас мамандар кеңесінің» төрағасы:
Өзінің ортасын таба алмай жүрген жастар өте көп. Сондай жастар өзінің идеясын айтып, достар тауып жатыр. Өндіріске де, қалаға да жастар арқылы жаңа инновациялық жолға түссек, деп отырмыз.
 
Кеңесте аптасына бір рет ағылшын тілі, бір рет іс-қағаздарын толтыру бойынша дәрістер өткізіледі. Дәріс оқитын да өз араларынан шыққан жастар. Қызметтің бәрі тегін көрсетіледі. Бүгінде Жаңаөзен жас мұнайшыларының бастамасына еліміздің барлық мұнай компаниялары қызығушылық танытып отыр.
 
Сандуғаш ШОРТАНОВА

Хабарламаларға жазылу