Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау қажет

05.02.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау қажет
Қостанай облысындағы әлеуметтік сала мамандары мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беріп, еңбекпен қамту жұмысын мықтап қолға алды. Өйткені бұл айрықша санаттағы азаматтарға барынша қолдау көрсету - Елбасы Жолдауында белгіленген меженің бірі.
 
Қостанай облысында былтыр 106 мүмкіндігі шектеулі жан мемлекеттік білім грантын жеңіп алып студент атанды. Солардың бірі Ксения Терновая - Мәскеу қаржы институтына түскен. Дәрісті қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша алады. Ол бұған дейін жергілікті колледжден бухгалтерлік білім алып шыққан еді. Қазір жеке кәсіпорындардың бірінде мамандығы бойынша қызмет істейді. 
 
Ксения Терновая, 2 топтағы мүгедек, бухгалтердің көмекшісі .
Өткен жылдың тамыз айынан бері осы кәсіпорында жұмыс істеп келемін. Мұнда жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастым. Қызметім өзіме ұнайды, еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Жұмыс берушіге рахмет.
 
3-ші топтағы мүгедек Алтынгүл Алдамжарова да бухгалтер мамандығы бойынша колледж тәмамдаған. Енді білімін жоғары оқу орнында жалғастырып жатыр. Өзі былтырдан бері саңыраулар қоғамында әлеуметтік қызметкер болып еңбек етеді. Ал оқуының ақысы бюджет есебінен төленеді.
 
Алтынгүл Алдамжарова, 3 топтағы мүгедек:   
Бұған дейін үйде отырдым. Өз бетімше жұмыс іздедім, таба алмадым. Еш жерге алмады. Жұмыспен қамту орталығының көмегімен осы қызметке орналастым. Қуаныштымын. Енді адамдарға көмектесіп, еңбек етуге мүмкіндігім бар.
 
Ерлан Жаулыбаев, «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысы:  
Жұмыспен қамту жол картасы арқылы келетін болсақ, 2013 жылы 300-ге жақын мүмкіндігі шектеулі жан хабарласты жұмыс сұрап. Соның 250-ден астамын жұмысқа орналастырдық.
 
Қостанай облысында 20 мыңнан аса мүгедек адам болса, соның 9 жарым мыңы еңбек жасындағы азаматтар. Биылғы жылы әлеуметтік сала мамандары жұмыс істеуге ынталы мүгедектердің бәрін жұмысын қамтуға ниетті. Ал әзірге еңбекке қабілетті кемтар жандардың 2 жарым мыңы ғана белгілі бір кәсіппен айналысып, табыс тауып жүр.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу