Ленинград шайқасына - 70 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ленинград шайқасына - 70 жыл

30.01.2014
Ленинград шайқасына - 70 жыл

50 миллион кісіні опат еткен бір соғыс бар, адамзат тарихында. «Екінші жаһан соғысы» деп аталады. Зұлматқа басты себепкер - Гитлер құрған жауыз режим. Ол - дүниежүзін билеуді жоспарлады.

 
Жоспары әуелгіде орындалғандай еді. Еуропа күйреді. Басты жауы - Қызыл армия бар майданда жеңіліп, Мәскеуге барып бекінді. Ленинград қоршауда қалды. Әне-міне дегенше, КСРО құлауы керек еді.
 
Бірақ, кеңес сарбаздары қанды шеңгелді Ленинград түбінде бырт-бырт үзіп, қарсы шабуылға шықты. Осы аптада, жеңісті жақындата түскен Ленинград шайқасына тура 70 жыл толды. 900 күн бойы жаумен алысқандардың арасында біздің жерлестеріміз де көп болғаны белгілі.
 
Ленинград үшін шайқас 1941 жылғы 8 қыр­күйектен басталып 1944 жыл­дың 27 қаңтарына дейін созылды. Яғни, қала осы уақытқа дейін жау қоршауында болды.
 
Ленинград халқы тұп-тура 900 күн қасірет шекті. Фашистер қаланы айнала қоршап алып, қанды шеңгелін күн санап тарылта берді. Шаһармен бір-ақ байланыс жолы қалды. Ол «Өмір жолы» еді. Григорий Петров сол жолмен талай жүргені бар. Бірде азық-түлік тасыды, енді бірде әскерлерді алып өтті.
 
Григорий Петров, Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері:
Қыс түскенде, қаланың солтүстігіндегі Ладога көлі мұз болып қатады. «Өмір жолы» дегеніміз осы. Адамдар, көліктер міне осы мұз үстін басып өтіп, Ленинградқа жетеді. Бірақ ол - өте ауыр, қиын өткел еді. Біздердің коллона көрінген бетте, немістердің ұшағы арадай құжынап кеп, атқылай бастайды. Мұз опырылып сынады. 10 көліктің 3-4-і ғана жағаға аман жететін.
 
Әлгінде айттық. Григорий атай талай әскерді «Өмір жолы» арқылы Ленинградқа өткізген деп. Келесі кейіпкеріміз сол Григорийдің көлігі арқылы арғы бетке аман өтіп, Ленинград түбін жаудан тазартқан сарбаздардың бірі. Аты-жөні - Николай Ткачев.
 
Николай Ткачев, Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері:
Ленинград ол кезде қоршауда еді. Ашқұрсақ соғыстық. 19 келілік зеңбірек снарядын оқшантайға сүрініп жүріп зорға салған да күндер болды. Осындай қиын шақта, Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі баршамызға үлкен демеу болды. Қабырғаларда жапсырылған өлеңдерді оқып ап, сарбаздар жақын күнде алапат армия көмекке келетіндей жігерленді. Сол жігермен, жауға қарсы шабуылға да шықты.
 
Не керек, Ленинград қоршауы бұзылды. Осыдан кейін, соғыс мүлдем басқа сценарийде жүре бастады. Қысқасы, Ленинград шайқасы - Ұлы жеңісті жақындата түскен шайқастардың бірі болды.
 
 
 
Нұрбек БЕКБАУ
 
 

Хабарламаларға жазылу