«Петропавл-Алматы» бағытындағы пойыз жолда қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Петропавл-Алматы» бағытындағы пойыз жолда қалды

24.01.2014
«Петропавл-Алматы» бағытындағы пойыз  жолда қалды

«Петропавл-Алматы» бағытындағы №152 жолаушылар  пойызы бүгін таңғы 4:30-да Көктас станциясында тоқтап қалды. 275 жолаушы мінген пойыздың нақты не себепті тоқтағаны белгісіз. Біз жолаушы Талғат Оспановпен телефон арқылы байланысқа  шығып, мән-жайды білдік.

 
Талғат Оспанов, жолаушы:
Біз не себепті пойыз тоқтағанын сұрағанда, пойыз сынды, деп жауап берді. Таңғы 6-ға дейін  Көктас станциясында тұрдық. Одан соң Сарышағанға қайтадан жіберді. Пойызда электр жүйесі істен шыққан, есіктер ашылмайды. Мейрамхана  да жұмыс істемейді. Шай ішіп, тамақтануға мүмкіндік болмады. Таңғы 8-де бізге пойыз бастығы басқа пойыз болады, деді. Күтуден жалыққан жолаушылардың көбі жүкке арналған артқы есіктен түсіп кетті.
 
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға вагондардың дизельді қозғалтқыштарындағы ақауына байланысты тіркелген. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде ақау жойылып, пойыз осыдан 1,5 сағат бұрын қайта жүрді.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу