Экзотикалық көбелектер Сыр елінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экзотикалық көбелектер Сыр елінде

16.01.2014
Экзотикалық көбелектер Сыр елінде

Тірі экзотикалық көбелектер. Коста-Рика мен Филлипиннен әкелінген тропикалық сұлулар көздің жауын алады. Қызылордада «Бақытты тропикалар» атты көрме   өтіп жатыр. Қақаған суықта жайдарлы жаздың түрлі-түсті бояуына қанықтырар шараға келгендер көбелектің 14 түрін тамашалай алады.

 
Көрме көбелектің пайда болуынан бастап өмір сүру дағдылары мен тыныс-тіршілігінен толық хабардар етеді. Түрлеріне орай әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Мынау менің қолымдағы көбелек «көгілдір морфо» деп аталады. Оны амазонка ормандарының інжуі деп те атайды. Көбелектің қабықтары қабыршақты көгілдір болғандықтан, өте алыстан жарқырап көрінеді. Бірақ «Көгілдір морфо» биік ұшады, жерге жақындамайды, жақындаған күнде де 6 метрден төмен түспейді. Гүлдерді қажет етпейді. Үнділер бұл көбелекті қасиетті санайды. Аңыздарға сенсек, адамдар қайтыс болғаннан кейін оның жаны осы морфода өмір сүреді екен.
 
Көбелектер өте аз өмір сүреді. Орташа ұзақтығы 15-20 күн. Ең ұзақ жасаушы көбелек Калиго деп аталады. Оны жарқанат көбелек деуге де болады. Өйткені, ол күндіз қараңғы жерде жасырынады да түнде ғана ұшады және қабығында жарқанаттың көзі сияқты белгі бар. Осы ерекшелігімен Калиго жыртқыш жәндіктерден өзін қорғайды.
 
Ал мынау алтын қанатты көбелек бақыт пен байлықтың белгісі саналады.   «Идея Леуконоя»-қалыңдық көбелек. Ақ түсті жәндік ерекше әдемілігімен, нәзіктігімен ерекшеленеді. Көрмеге қойылған бұл көбелектердің барлығы дәл осы жерде өсіп-өніп жатыр.
 
Кирилл Одарченко, көрмені ұйымдастырушы:
Көбелектер міне, осылайша пайда болады. Елімізге осы қалыпта жеткізіледі. Куыршақтардан жәндік шығу үшін тек қана тропикалық жылы ауа мен ылғал қажет. 250 қуыршақ әкелдік, содан 100 көбелек шығады.
 
Табиғатқа көрік берер көбелектер сұлулықтың символы. Расында да, қайсысына қарасаң да көз тоймайды.
 
Евгения Павло, қала тұрғыны:
Бұл біз үшін экзотика. Таң-тамаша қалып жатырмыз. Көбелектер сан алуан. Олардың тыныс-тіршілігі де біз үшін өте қызықты.
 
Үнді аңызы бойынша көбелек егер адамның иығына келіп қонса, онда сол адамның тілегі орындалады. Бізде ондай түсінік болмаса да, таным деңгейін арттыру үшін тропикалық жәндіктерді тамашалауға келіп жатқандар өте көп.
 
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу