Сыр елінде Қорқыт мұрасы ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінде Қорқыт мұрасы ұлықталды

19.10.2018

Сыр елінде «Қорқыт.Қобыз» атты қылқобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың республикалық байқауы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен ұлттық өнерді ұлықтап жүрген 16 талапкер қатысып, жыр мәйегін ағытты. Мұндай өнер бәсекесі киелі Қорқыт жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 

Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген асыл мұра ұлттық өнерімізді ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау  - басты парыз. Тұран топырағындағы өнер додасы осы мақсатта өткізіліп отыр. Қорқыт қобызынан туған құнды мұралар Ықылас Дүкенұлы, Қойлыбай бақсы, Тілеп Оспантайұлы, Нышан Шәменұлы сияқты белгілі қобызшылар арқылы бүгінге дейін жетті. Ал, құнды қазына -жаһұт жырымыз бен күйімізді болашаққа аманаттау осы талантты жастардың қолында.  

Әлқуат Қазақбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы:

- Бүгінгі орындаушылардың ішінде болашағынан үміт күттіретін Сыр бойының қобызшылары таңғалдырып отыр. Үлкен серпіліс, жаңалық деп айтсақ болады. Сыр өңірі әрбір ауданда қобыз мектептерін ашып жатыр. Бұл соған бір дайындық іспетес.

Байқауға қатысушылардың бірі - алматылық өнерпаз Қазбек Әдікей. Қылқобызды жастайынан серік еткен ол бұл аспаптың өте киелі екендігін айтады. «Тіпті,  кез келген адамға бағына бермейді және тазалықты, адалдықты қажет етеді», -  дейді. 

Қазбек Әдікей, байқауға қатысушы:

- Өте қиын аспап. Қобыз ойнап жүргендер қыр-сырын жақсы біледі. Бұл бастаманың әрі қарай халықаралық жобаларға айналуына тілектеспіз.

Талапкерлер байқау шарты бойынша екі кезеңде бақ сынады. Әуелі Қорқыт күйлерін тартса, екінші кезеңде қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, Қорқыт дәуіріндегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады. Нәтижесінде, Астанадан ат терлетіп келген өнер иесі Шолпан Шарапатова бас жүлдені қанжығасына байлады. Міне, киелі Сыр елінде осылайша ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні жаңғырып, Қорқыт мұралары ұлықталды.  

Әкімжан ЕРҒАЛИҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу