Қарағанды әкімі көлігін автобусқа «айырбастады» (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды әкімі көлігін автобусқа «айырбастады» (толығырақ)

13.01.2014
Қарағанды әкімі көлігін автобусқа «айырбастады» (толығырақ)

Жолақының 80 теңгеге өсуіне наразылық білдірген қарағандылықтардың  шеруінен соң қала әкімі Мейрам Смағұлов көлігін автобусқа «айырбастап» үлгерді. Сөйтіп, қарапайым жолаушы есебінде шаһарда жүретін бірнеше бағыттағы маршруттардың жұмысын тексерді.

 
Қала басшысы алдымен №1 автобусқа отырды. «Қоғамдық көліктің іші таза болғанымен, салқындау», - деді әкім. Жүргізушінің қозғалыс кезінде кофе ішіп отырғанына да ескерту айтты.
 
Келесі бір автобуста кондуктор зейнеткерден жолақы билетін сұрап жатқанын байқап, тағы бір ескерту жасады. Себебі, билеттер Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетіндіктен, ондағы ұзынсонар кезек ескерілген.
 
Зейнеткерлер 20-ақпанға дейін куәлікпен-ақ жүруге құқылы, деп жарияланған еді. Негізсіз ақша алмақ болған кондуктор туралы сол жерде автопарк басшылығына хабарланды. Бұдан басқа да бағыттағы маршруттарға мініп көрген қала басшысы олардың тазалығынан бастап, жұмыс тәртібін түгелдей бақылап шықты.
 
Әкім «Автопарк жұмысын енді жіті назарда ұстап, кез-келген уақытта тексеріп отырамыз», деп уәдесін берді.
 
Мейрам Смағұлов,  қала әкімі:
Кешкі 8-ден кейін маршруттар жүрмейді, интервалдар сақталмайды. Соның барлығын тексереміз. Уақыт болған кезде таңертең және кешкі уақыттарда шығамын.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу