Бесобалықтар пәтер ала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бесобалықтар пәтер ала бастады

08.01.2014
Бесобалықтар пәтер ала бастады

Қарағандыда 2012 жылы құлап қалған көпқабатты үйдің тұрғындарына  қайта салынған «Шапағат» кешенінен баспана беріле бастады. Қазірдің өзінде жаңа үйге 24 отбасы көшіп келді. Ағымдағы жылы құрылыс толық аяқталған соң атышулы «Бесоба» тұрғындарының барлық талабы қанағаттандырылады.

 
Қалқаш Ержанов 2009 жылы «Бесоба» кешенінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 3 бөлмелі пәтер алған болатын. Алайда, қуанышы ұзаққа бармады.
 
Сапасыз салынған үй құлап, көппен бірге әкімдік Майқұдық ықшам ауданынан берген уақытша баспанада тұрып келді. Жұбайы екеуінің жұмысы, балаларының мектеп, балабақшасы қалада орналасқандықтан, қатынау қиын болыпты. Енді міне, «Шапағат» кешенінен жаңа пәтер алып, бәрі бәз-баяғы орнына келді.
 
Қалқаш Ержанов, қала тұрғыны:
Билік айтқан сөзінде тұрып, осындай зәулім үй салып бергені таң қаларлық жағдай болды. Алғашында сенген жоқпыз. Бұрынғы пәтеріміз 120 шаршы метір болатын. Ал, қазір үлкен, 133 шаршы метр.
 
Жалпы, жаңа «Шапағат» тұрғын үй кешенінде 294 пәтер бар. Соның 242-сі бесобалықтарға тиесілі. Осы күнге дейін 24 пәтер берілсе, ағымдағы жылы қалған 218 отбасының талабы қанағаттандырылады. Құрылысқа деп мемлекет тарапынан 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
 
Айдар Телғарин, қала әкімінің орынбасары:
Біз бірінші кезекте құрылыстың сапасына қарадық. Мысалы, бұрын «Бесоба» кешенінде іргетасы қадауларсыз құйылған болса, ал мына «Шапағат» кешенінің құрылысында қадаулар қағылды. Қабырғалары да қалың. Жылу, су және жарық келіп тұр.
 
Айта кету керек, жаңа тұрғын үй құрылысы барлық мемлекеттік бақылаушы органдардың жіті назарында. Әр пәтер иесінің талаптары бойынша тапсырылады, деп сендірді жергілікті билік өкілдері.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу