Астанада триатлоннан халықаралық жарыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада триатлоннан халықаралық жарыс өтті

18.06.2018

Тек Қазақстан емес, БҰҰ елдері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге әлемнің 47 елінен 1300-ден астам спортшы қатысты. Жарыс талабына  сай, кәсіби спортшы болу міндет емес. Бастысы, суға жүзу, веложарыс және жүгіру сияқты үш кезеңнен өтуі керек. Қатысушылардың ең кішісі 18-де болса, ең үлкені 75 жастан асқан қария. Айтулы шара Астананың 20 жылдығына орайластырылған.

Спортшыларды ең әуелі Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов құттықтады. Ал, Серік Сәпиев, Александр Винокуров сияқты Олимпиада чемпиондары қатысушылардың қатарын толықтырып, жерлестеріне демеу берді. Жалпы, жеңіс тұғырынан көрінуге талпынған қазақстандық спортшылардың саны 700-ден астам. 

Руслан Тамышев, қатысушы:

- 20 жылдан бері жеңіл атлетикамен айналыссам да, триатлонға бірінші рет қатысуым. «Триатлон – темір адамдар айналысатын спорт түрі» деп бекер айтпаса керек. Алған әсерім ерекше. Қарсыластарым да мықты. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз енді.

Қатысушылар байрақты бәсекенің биігінен көріну үшін алдымен ұзындығы 1900 метр суды жүзіп өтті. Одан соң велосипедпен 90 шақырымды айналып, соңғы кезеңде 21,1 шақырым жолды жүгірді. Таңмен таласып, тамаша спорт түріне қызығушылық танытқандардың санында шек болмады. Тіпті сонау Біріккен Араб Әмірлігінің өзінен 20-дан астам азамат өз тобына жанкүйер болып келген.

Ахмет Әли, жанкүйер:

- Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Көңілімізден шығып жатыр. Жалпы, Дубайда спорттың бұл түрі өте жақсы дамыған. Біз өзіміздің командамызды қолдай келдік. Ол жақта да  қаншама жандар келе алмаса да, тілекші болып отыр. Сол ниетімізге сай қатысушыларымыз жеңеді деген үміттеміз.

Осылайша, әлемнің 50 шақты елінің меймандары елорданың төрінде бәсекеге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінуге талпынды. Үзіліссіз кезеңдерімен ерекшеленетін үшсайыстың 113 шақырымын артқа тастап, мәреге жеткен германиялық Питер Волкович пен әйелдер арасында  ирландиялық Дидра Кейсиге «темір адам» атағы берілді. Қомақты сыйлық та жоқ емес. Енді олар Афирикада өтетін триатлоншылар сайысында бақтарын сынайды.  

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу