Ертең футболдан Әлем чемпионаты басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең футболдан Әлем чемпионаты басталады

13.06.2018

Жаһан жұрты асыға күткен футболдан Әлем чемпионатының басталуына 1 күн қалды. Ертең осы уақытта Мәскеу қаласында Әлем біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Төрт жылда бір болатын үлкен спорт мерекесіне қазір ұйымдастырушы ел ретінде Ресей де, өз құрамасын қолдап келген жанкүйерлер де тастүйін дайын.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

-Сонымен, ертең футболдан Әлем чемпионаты басталады. Бұл күнге Ресей елі 8 жыл бойы дайындалды. Әлем біріншілігін өткізуге 11 миллиард доллар жұмсалды. Бұл қомақты қаржыға чемпионат өтетін 11 қаладағы стадиондардан бөлек, қонақүйлер мен әуежайлар жаңадан салынды. Экономикасы әлсіреп, ел еңсесін тіктей алмай тұрғанда, осынша қыруар қаржы бөлгені үшін билікті халық біраз сынады. Оның үстіне Батыс елдерімен арадағы текетірестің кесірінен, соңғы кездері, чемпионат өтпеуі де мүмкін деген түрлі алыпқашпа әңгіменің тарағаны да белгілі. Бірақ, қалай болғанда да, бар қиындық артта қалды. Қазір инфрақұрылым тегіс доп додасына дайын. Енді алдағы бір ай бойы ресейліктерді де, шетелдіктерді де футбол мерекесі күтіп тұр. Қазірдің өзінде қала толы жанкүйерлер Мәскеуде той тойлауды бастап та кетті.   

Александр Копылов, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Экономикалық тұрғыда қарасақ, Әлем чемпионатына кеткен қаржы өтелмейді. Ал, егер ұзақ мерзімге арналған саясат ретінде қабылдасақ, әрине, бұл шараның пайдасы көп. Барлық стадиондар өзімізде қалады, жастар спортпен айналысады. Елдің имиджіне де жақсы әсер етеді.

Мұхаммед Саид, мысырлық жанкүйер:

- Мен осы жерге келгенім үшін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Мысыр құрамасы 28 жылдық үзілістен соң Әлем чемпионатына қатысқалы жатыр. Бұл күнді біз көп күттік.

Вальтер Руйгу, Францияның жанкүйері:

- Мен бала кезімнен Франция құрамасының фанатымын. Бұл жолы француздардың чемпион болуға барлық мүмкіндігі бар. Соны көру үшін арнайы келдім.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Футболдан Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында өтеді. 1956 жылы салынып, 80-ші жылғы Олимпиада ойындарының негізгі аренасына айналған «Лужники» енді Әлем чемпионатының да басты алаңы болғалы тұр. Ресейдегі ең үлкен бұл стадионға 81 мың адам сияды.

Әлем біріншілігінің ашылу салтанаты ертең Астана уақытымен шамамен 20:30-да басталады.  Ал, 21:00-де чемпионаттың алғашқы ойыны Ресей мен Сауд Арабиясының арасында өтеді. Ертеңгі бұл шараға қатысатын мәртебелі меймандардың арасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та болады деп жоспарланып отыр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу