Алматы облысында алғаш рет парапланмен ұшудан Әлем кубогы сарапқа салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында алғаш рет парапланмен ұшудан Әлем кубогы сарапқа салынды

10.05.2018

Жетісу аспанын бағындыруға 14 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы келді. Бұл дода параплан спортынан халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған сайыстардың ең ауқымдысы.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

-Бұл жарыста басты мақсат - парапланшы көлемі 100 теңгедей болатын нүктеге аяғымен дәлме-дәл қону керек. Осылайша, олардың кәсіби деңгейлігі анықталады.

Бұл спорт жас талғамайды. Әрі бірден өзіне баурап алады. «Бір рет ұшып көрген адам зеңгір көкте құстай қалықтағанға құмартады», - дейді   парапланшылар. Мәселен, индонезиялық Лантип Панки жасы 66-дан асса да, аспанға аңсары ауып тұратынын айтады.

Лантип Панки, /Индонезия/:

Мен парапланмен 1999 жылдан бері ұшып жүрмін. Түрлі халықаралық жарыстарға қатысамын. Өте керемет әсер аласың. Қазақстанның таулары бұл жарысты дамытуға өте қолайлы.

Елімізде бұл спорт түрі енді-енді дамып келеді. Қазақстан құрама командасында 20-ға жуық спортшы бар. Басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысынан. «Егер осындай әлемдік додаларды жиі өткізіп тұрсақ, Қазақстандағы параплан спортының беделі арта түспек», - дейді ұйымдастырушылар.

Игорь Вершки, жарысты ұйымдастырушы:

Халықаралық федерация өкілдері 2020 жылы Азия және мұхит маңындағы елдердің чемпионатын өткізуді ұсынып отыр. 2021 жылы Әлем чемпионатын ұйымдастыруымыз мүмкін. Бізге енді тек мектеп ашып, жастарды дайындау қажет.

Ал, жарыс қорытындысы бойынша индонезиялық үш команда үздік үштіктен көрінді. Дәл осы мемлекет Әлем кубогының иегері де атанды.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу