Олимпиадада Дмитрий Рейхердке артылар сенім мол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиадада Дмитрий Рейхердке артылар сенім мол

05.02.2014
Олимпиадада Дмитрий Рейхердке артылар сенім мол
Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама сапындағы спортшылардың дені  Шығыс Қазақстан облысының өрендері. Бұл өңірдің өкілдері шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, тау шаңғысы және сноуборд бойынша жарыстарға қатысады. Сол саңлақтардың бірі - Дмитрий Рейхерд. Фристайл-могул бойынша әлемдік додаларда үздік атанып жүрген жас жігітке жерлестері мол үміт артып отыр.
 
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады». Татьяна Рейхерд қазір дәл осы күйде. Оның екі ұлы да жастайынан шаңғы спортымен шұғылданады. Бұл екінші баласының бөлмесі. Мұнда спортшы Дмитрий Рейхерд тұратынын қабырғадағы медальдар мен мақтау қағаздардан-ақ аңғару қиын емес.
 
Татьяна Рейхерд, спортшының анасы:  
Әрине, әрбір медаль біз үшін қымбат. Себебі, бұл үлкен еңбектің, күнделікті жатығулардың жемісі. Үздік болу үшін мықты күш-жігер, алға деген ұмтылыс мықты болу керек. 2008 жылы юниорлар арасындағы жарыста Әлем чемпионы атанды, сондықтан бұл медальдардың арасындағы жүрегіме ең жақыны.
 
Ал бұл Дмитрий Рейхердтің өміріндегі ең алғашқы дипломы. Осыдан 15 жыл бұрын бірінші рет облыстық жарыста топ жарыпты. Мақтау қағазын анасы арнайы папкаға салып, сақтап қойған. «Содан бері бұл папка қалыңдай берді, тіпті екіншісін бастауға тура келді», деп күледі спортшының анасы. Ұлының мінезі мен көпшілік біле бермейтін әдеттерін де айтып берді.
 
Татьяна Рейхерд, спортшының анасы:
Мінезі өте жұмсақ және ол өте ұқыпты. Отбасылық мерекелерде бас қосып, бәріміздің бір дастарқанда жиналғанымызды жақсы көреді. Жарыстардан бізге әрдайым сыйлықтар әкелетін әдеті бар.
 
Дмитрий Рейхерд әлемдік деңгейдегі жарыстарға жиі қатысады. Оның қай елде болғанын үйіндегі тоңазытқышынан түсінуге болады. Осындай естеліктермен қатар, жас спортшы, анасына түрлі тәттілерді әкелуді әдет қылған. Ал әжесіне әр елдің бокалын сыйлайды екен. Спорттан бөлек, Дмитрий Рейхерд, музыкаға да әуес. Сегіз қырлы, бір сырлы спортшының Сочиден жеңіспен оралуына барлық жерлестері тілектес. 
 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу