«Астана арландары» Ресей командасымен жекпе-жекке шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана арландары» Ресей командасымен жекпе-жекке шығады

01.02.2014
«Астана арландары» Ресей командасымен жекпе-жекке шығады

Бүгін Дүниежүзілік бокс сериясы бәсекелерінің аясында «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Ресейдің «Russian Boxing Team» командасымен жекпе-жекке шығады. Бұл кездесу Алматының Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді.
 
 «Астана арландары» мен «Russian Boxing Team» ұжымдарының арасындағы жекпе-жек  аса тартысты болмақ. Өйткені, қос команда «В» тобында 13 ұпайдан жинап, екінші-үшінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Куба боксшылары 18 ұпаймен жеке-дара көш бастаса, төртінші сатыда орналасқан әзірбайжандық «Baku Fires» командасының үш ұпай кем. Олар бұл турда мексикалық боксшылармен кездеседі.
 
 «Russian Boxing Team»  бұл маусымда қазақстандықтар мен кубалықтарға ғана есе жіберді.  Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 23 қарашасында Санкт-Петербургте өткен жекпе-жекте «Астана арландары» ресейлік боксшыларды 3:2 есебімен ұтқан болатын.

Қос команданың бас бапкерлері Сергей Корчинский мен Александр Лебзяк алдын ала жарияланған тізімге түзетулер енгізді.  
 
49 келі. Мардан Берікбаев – Белик Галанов
 
Жеңіл салмақта ресейліктер Белик Галановты алып келді. Ол 2009 және 2011 жылдардағы Ресей чемпионы. Биылғы маусымда 1 жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Оған қарсы Мардан Берікбаев шығатын болды. Ол бұған дейін тізімде көрсетілген Азамат Исақұловты алмастырды.
 
56 келі. Мәди Шолақов – Никита Федорченко
 
 Жанкүйерлер бұл салмақта Мейірболат Тойытов пен Эдуард Абзалимовтің жекпе-жегін күткен еді. Дегенмен қос бапкер де өзгеріс енгізді. Алдымен ресейліктер Эдуард Абзалимовты ауыстыру қажет деп тапты. Оны Никита Федорченкомен алмастырды.  Қазақстандық команданың жаттықтырушылары да шешімдерін өзгертті. Мейірболат Тойытовтың орнына Мәди Шолақов шығатын болды. Ақтөбелік боксшы үшін бұл WSB аясындағы алғашқы жекпе-жек.
 
64 келі. Асқат Уәлиханов – Максим Дадашев
 
 Жобаға биыл ғана қосылған Асқат Уәлихановтың аяқ алысы жаман емес. Ол осы уақытқа дейін екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Ресейлік клубтың бұл салмақта алдымен жас боксшы Григорий Лизуненкоға сенім артты. Алайда жарыс алдында өзгеріс енгізіп, Максим Дадашевты шаршы алаңға шығарған жөн деп тапты.
 
75 келі. Сергей Деревянченко – Петр Хомуков
 
 Бұл салмақта Сергей Деревянченкоға сенім артылды. «Арландардың» сапындағы украиналық боксшы  бұл маусымдағы жекпе-жектерінің барлығын жеңіспен аяқтады.  Оның қарсыласы - Петр Хомуков. Ресейліктер оның болашағынан үлкен үміт күтетінін жсырмайды. Хомуков 19 жасында Еуропа чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Өткен маусымда Дүниежүзілік бокс сериясында екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан. Биылғы маусымда әзірге шаршы алаңға шыққан жоқ.
 
  91 келі. Василий Левит – Алексей Егоров
 
 Василий Левиттің биылғы маусымдағы жекпе-жектері жанкүйерлер көңілінен шығып жүр. Боксшы үш жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады. Оның үстіне екі қарсыласын техникалық нокаутқа жіберді.  Василий Левит өз салмағы бойынша рейтингте екінші орында тұр.  
 
 Ресейлік клубтың қатарына биыл ғана қосылған Алексей Егоров та қара жаяу емес. 2011 жылы 20 жасында Ресей құрамасына алынып, 2013 жылы Еуропа чемпионатында топ жарды.

 Жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Басталу уақыты – 19:50.

Хабарламаларға жазылу