Ботай қонысы әлемнің археология саласын дүр сілкіндіріп, тарихқа жаңа деректер әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ботай қонысы әлемнің археология саласын дүр сілкіндіріп, тарихқа жаңа деректер әкелді

19.08.2019

Ботай қонысы Қазақстанның ғана емес, әлемнің археологиясын дүр сілкіндіріп, тарихқа жаңа деректер әкелді. Жылқының алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілгені белгілі болып, осыдан 5-6 мың жылдық бұрынғы адамдардың тұрмыс-тіршілігін зерттеудегі тың жәдігерлер табылды. Биыл «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ашылғанына бір жыл толды. Осыған орай Айыртауда белгілі ғалымдар бас қосып, «Ботай мәдениетінің ғылыми маңызы мен сақталуы» жайында өз ойлары мен ұстанымдарын ортаға салды. 

«Ботай қонысы» — бүгінде Қазақстанның брендіне айналды. 40 жылға таяу уақыт ғалымдар қонысты қазып, түрлі жәдігерлер тапты. Сол кездегі жылқының ерекшеліктері де баршылық. Қазіргіге қарағанда денелі, сүйектері ірі болған. 

Мұрат Нұрышев, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры:

Минус 45-50 градустан плюс 45-50 градусқа дейін диапазонда өмір сүре алатын жылқы болып көрінеді. Оның терісін, сүйектерін зерттеп жатырмыз. Генотип, ДНК-сын зерттеп біліп жатырмыз. — Қазіргі жылқылардың ішінде қайсысы Ботай жылқысына жақын? — Ең жақыны қазақтың жабы жылқысы. Сол кезден бстап қазіргі заманға дейін технологиясы, еті өзгерген жоқ.   

Ботайлықтардың алғашқы болып жылқыны қолға үйреткенінен басқа, олардың үйлері де қызығушылық тудырып отыр. Киіз үйдің аумағындай жерді қазып, төбесіне шатыр салып, қоныс еткен. Бұның барлығы да туристерге көрсетуге тұрарлық.

  Виктор Зайберт, тарих ғылымдарының доктары, Ботай экспедициясының жетекшісі:

Біз Ботай қонысында өмір сүрген адамдардың қысқысуыққа  бейімделу ерекшелігін зерттедік. Олардың киімдері мен үйлерін жылыту технологиясы қызығушылығымызды оятты. Осының арқасында олардың үйлерін, киімдерін үлгі ретінде жасап, арнайы музейге коюды жоспарлап отырмыз. 

2020 жылдың соңына дейін Ботай қонысының аумағында мұражай мен кітапхана салу жоспарланған. Бұған қоса, тағы бірнеше спорттық нысан тұрғызылмақ. Бірақ бір әттеген-айы, жол азабынан тарихи нысанға жету қиын. Ғалымдардың осы мәселе тез арада шешілсе екен деген тілегі бар.

 Сағындық СӘБИТҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу