«Елбасы және халқы» атты кітап жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елбасы және халқы» атты кітап жарыққа шықты

25.07.2019

«Елбасы және халқы». Осындай атаумен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жаңа еңбек жарық көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстандағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің авторы. Әлемде теңдесі жоқ, татулық пен бейбітшілікті сақтауға негізделген институт құрып, ұлт пен ұлысты ұйыстырды. Нәтижесінде 130-дан астам ұлт өкілі татулықтың тал бесігінде тербелуде. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында осы тақырыпқа арналған кітаптың таныстырылымы өтті. Жинақ үш тараудан құралған. Алғашқы бөлігінде Тұңғыш Президенттің әр жылдары сессияларда сөйлеген сөздері берілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында қызмет еткен азаматтардың, Ассамблея мүшелерінің кемеңгер тұлға жайындағы толғаулары келесі бөлімде топтастырылса, соңғы тарауда этномәдени бірлестік өкілдерінің Елбасы жайындағы пікірлері беріліпті.

Бұдан бөлек, еңбекте Елбасының жеке архивінен әрі кітапхана қорында сақталған құнды суреттері мен құжаттары да енген. 3 мың данамен оқырманға жол тартқан еңбекті ел кітапханаларынан ала аласыздар.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

Өткен 28 жылдың ішінде Қазақстанда ұлтаралық араздық, кикілжің болмай, бүгінгі күнге жетуіміз - Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы. Мұны бүкіл қоғам, қауым, жастар, түрлі этностар жақсы білуі керек. Бүгінгі кітап соған арналып отыр.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу