Елордада студенттер арасындағы халықаралық «Ұшқын» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шара бұл жолы Жастар жылын мерекелеу аясында өткізіліп отыр. Фестивальге 38 қысқаметраджы фильм ұсынылды. Оның 20-дан астамы - көркем сюжетті фильм, 8-і - деректі және қалғаны - анимациялық туынды
Өнерлі студенттердің бәйгесіне әлемнің 8 елінен үміткер қатысқан. Шара екі күннен соң, сәуірдің 26-сы қорытындыланады. Фестивальдің соңында марапаттау салтанаты өтіп, үздік режиссер, үздік сценарий авторы, үздік актерлер анықталмақ.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстан бойынша 3 киномектеп бар. Олардың барлығы Жоғары оқу орындарында орналасқан. «Өнер ордаларында жастардың шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған», - дейді университет ұстаздары.
Назира Рахманқызы, өнертанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:
- Мұндай фестивальдер өте керек. Әсіресе, жастар үшін. Өйткені жастар бір-бірінің жұмыстарын көреді. Екіншіден, олар өздерінің қаншалықты өскенін, болмаса бір орында тұрғанын, жалпы өз-өзіне сын көзбен қарау, өз-өзін тану, өздерін басқа замандастарымен салыстырғанда, әріптестерімен салыстырғанда қаншалықты өскенін ажырата алады.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ