Бүгін кешке Димаш Құдайбергеннің Мәскеудегі алғашқы жеке концерті өтеді. Наурыздың 22-і мен 23-і күндері болатын бұл кешке билеттер осыдан бірнеше ай бұрын сатылып кеткен. Димаштың ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысын есту үшін әлемнің түкпір-түкпірінен Ресей астанасына келген оның жанкүйерлері кеше арнайы кездесу өткізді.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Мемлекеттік Кремль сарайындағы концертке бір күн қалғанда Димаштың жанкүйерлері өзара жиналып, бас қосты. Олар арғысы АҚШ, Португалия, Германия, Жаңа Зеландия, Қытай, Ресей және әлбетте Қазақстаннан келген адамдар. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Барлығының басын қосып тұрған Димашқа, оның шығармашылығына деген құрмет.
Әлемнің 50 елінен жиналған 400-ге жуық жанкүйер. Барлығы да Димаш десе ішер асын жерге қоятын нағыз фанаттар. Қазақтың талантты ұлына тілеулес жандар Димашқа алғыс айту үшін арнайы жиылып отыр.
Бақдәулет Нұрдәулетұлы, шараны ұйымдастырушы:
100-ден аса елде фанаттар клубы бар. Оның ішінде біздің «Димаш-достар» бар. Сонымен қатар, Еуразиялық Димаш клубы біріге отырып, осы шараны ұйымдастырдық. Елді саясат біріктіре қоймас, ал, жақсы ән, жақсы дауыс біріктіреді.
Димаш барша жұртты біріктірді. Кеш барысында жанкүйерлер оның әндерін караоке арқылы тыңдап, тіпті көпшілігі қосыла шырқады. Димаштың өзі болмаса да, оның суретімен суретке түсудің өзі біраз жанға ерекше бақыт силады.
Тамара, чехиялық жанкүйер:
Мен Димашты жақсы көремін. Оның бүкіл шығармашылығын үзбей қарап жүрмін. Мәскеудегі 2 концертіне де барамын.
Кэролайн, шотландиялық жанкүйер:
Мен қуаныштан өзімнің көңіл-күйімді қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Димаштың дауысы керемет, мен ондай талантты бұрын-соңды көрген емеспін.
Кездесу кезінде түрлі викториналық ойындар өтті. Сахнаға шыққан жанкүйерлер, Димаштың өмірбаянына қатысты сан-алуан сауалдарға жауап беріп жарысты. Жеңімпаздар әншінің қолтаңбасы қойылған түрлі силықтарға ие болды.
Наурыз мерекесінің қарсаңында жиналған жұрт сүйікті әншілерінің отанынан келген ұлттық тағамдардан да дәм татты. Ал, кеш әбден қызған кезде кездесуге Димаштың туған-туыстары келді. Оларға ерекше қошемет көрсеткен жанкүйерлер Димаштың анасына және әншінің өзіне деп арнайы тағайындалған марапаттарын тапсырды. Светлана Айтбаева алғысын ана тілінде айтты.
Светлана Айтбаева, Димаштың анасы:
Мәскеу секілді әлемдегі ең әдемі астаналардың бірінде Сіздермен жүздескенімізге өте қуаныштымыз. Сондай керемет қолдау көрсететіндеріңіз үшін Сіздерге өте ризамыз.
Алдағы маусым айының 29-ы күні елордамызда Димаштың жаңа концерті өтеді. Ол шараның басты ұйымдастырушысы - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы. Сондықтан, басқосу кезінде арнайы лоторея ойнатылып, корпорация басшылығы бірқатар жанкүйерлерге, алдағы концертке арналған билеттерді табыстады. Ал, фанаттардың келесі кездесуі 28-маусым күні Қазақ елінің астанасында өтеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ