Көбек батырдан қалған көне жәдігер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көбек батырдан қалған көне жәдігер

19.02.2019

Атадан балаға мирас болған үш ғасырлық тарихы бар дүниені қарағандылық ақсақал көздің қарашығындай сақтап келеді. Орта жүздің Тоқа руынан шыққан Көбек батыр Абылай ханның қалың қолында мыңбасы болған. Есіл бойын ен жайлаған жұртты жаудан қорғаған.

Көбек батыр 1735 жылы дүниеге келген. Мына тұтастай ағаштан ойып жасалған астабақты батырдың айбыны асқақтап тұрған шағында өлке шеберлері жасап, сыйға тартқан.

Тельман Түсіпбеков, батырдың ұрпағы:

- Үлкен атамыз көне жәдігерді қолжаулық қылмаймын деп, сандықтың түбіне табақты тығып келген.

Көбек батырдан қалған енді бір мұра - мына шапан. Оның қазір тек бір өңірі ғана қалған. Кезінде тәбәрік ретінде сұрап келген ұрпақтары батырдың шапанынан кесіп алып отырған. Осынау көне жәдігерлердің Тельман ақсақалдың шаңырағында сақталып келгенінің өзіне 40 жылдан асыпты.

Сағат Түсіпбекова, батыр әулетінің келіні:

- Көп жасаған кісі. 96-ға келіп, қайтыпты. Шапанның шетінен кесіп, өзінен тараған ұрпақтарына тұмар жасап беріп отырған.

Абылай хан тұсында мыңбасы болып, Нияз батырмен бірге Есіл бойын ен жайлаған жұртқа қорған болған Көбек батырдан қалған қос жәдігердің шежіресі осындай. Баба есімі ресми тарих жылнамасында көп жазылмаған. Ал, жасы сексеннен асқан Тельман ақсақалдың біраз айтары бар. Баба бейіті сол өзі қорғаған Есіл бойындағы ескі жұрт - Қараөткелдің маңында, Қозыкөш деген жерде екен.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу