Түркістан облысындағы ет комбинатында қыз-келіншектер де жұмыс істейді
Таңмен таласа тұрып, жер жыртып, темір балқытқан, жарық пен жылуды қамтамасыз етіп жүрген жандар – нағыз еңбек адамдары. Елдің еңсесін тіктейтін де, шаңырақты шаттыққа бөлейтін де – адал еңбек. Ал Түркістан облысының Қазығұрт ауданында еңбектен қашпаған қыз-келіншектер ет комбинатында жұмыс істеп жүр. Ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген жандар туралы әріптесім Айнұр Ақбаева тарқатады.
Айжамал Шақуова күнделікті осылай тікесінен тік тұрып, ет шабады. Комбинатта жұмыс істегеніне биыл 4 жыл. 8 баланың анасы қашан да ауыр жұмыстан қашпағанын айтады. Қазір де 8 градус салқында сиыр етін турайды. Сондықтан да оны әріптестері құрмет тұтады. Басшылық өзгелерге үлгі етеді.
Айжамал Шақуова, жұмысшы:
Етті бізге сүйектен ажыратып береді, біз сортқа бөліп, боршалаймыз. Сорт-сортқа бөліп, майын бөлек, майсызын бөлек. Солай бөлеміз. Таңғы сағат сегізден бастап, кешкі алтыда жұмыс уақытымыз бітеді.
Ал тауық етінің цехында 70-ке тарта адам еңбек етеді. Басым көпшілігі қыз-келіншектер. Олар құс етін бөлшектеп, сатылымға дайындайды. Әрқайсысы жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Тауық цехында жұмыс істеп жатқаныма бес жылдан астам уақыт болды. Бұл жерде біз тауықты боршалаймыз. Етінен сүйегін ажыратамыз, қанатын ажыратамыз. Терісін ажыратамыз. Жұмыс оңай. Ыстық тамағы беріледі бір мезгіл. Киіммен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде ет комбинатында 450-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Малды союдан бастап, шұжық жасап, қазы айналдыру осы жұмысшыларға жүктелген. Тәулігіне 50 тоннадан астам шұжық өнімдері шығарылады.
Зульфия Жамалова, ет комбинатының өндіріс директорының міндетін атқарушы:
Бізде осы өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығы осы ауыл, елді мекендерден. Тасымалдануы тегін. Барлығын компания қарастырған.
Жұмысшы мамандар – өз ісінің нағыз шеберлері, өндірістің қозғаушы күші. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген жандардың ісі көпке үлгі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
