Басты Жаңалықтар Өндірісте жарақат алу азайды

Өндірісте жарақат алу азайды

Елімізде өндірісте жарақат алу деңгейі төмендеді. Жалпы, оқыс жағдайлар өткен жыл мен биылғы мамыр айы аралығында 17 пайызға дейін азайған. Бұл ретте өндірісті өңір саналатын Жамбыл жерінде де еңбек жарақатын алу едәуір азайды. Өйткені қауіпсіздік талабын қатаң сақтағаннан бөлек аймақтағы кәсіпорындардың заманауи құрылғылармен қамтылу деңгейі жоғары.

Жамбыл облысында 903 өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын бар. Онда 41 мыңға жуық адам еңбек етсе, 19 мыңы зиянды және қолайсыз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Әсіресе химиялық тауар өндіретіндер қауіпсіздікке қатаң қарайды. Мәселен, мына полиэтилен өнімдерін шығаратын кәсіпорында күнделікті жұмыс ережені еске түсіруден басталады.

Оралхан Құрманбетова, өндірістік шебер:

Бұл жерде өте қауіпті, өздеріңіз көріп тұрғандай, кесіледі, пішіледі және тігіледі. Бұл жарақат алу қаупі өте жоғары. Сондықтан қауіпсіздік ережесін өте жоғары деңгейде сақтаймыз. Соның арасында ешқандай жарақатсыз осы күнге дейін жұмыс істеп келе жатырмыз.

Жылына 5 мың тонна тауар шығаратын кәсіпорында 100 адам жұмыс істейді. Олардың жабдықтары жаңа болғанымен, барлығы бірдей қауіпсіз емес.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мұнда қанар тігіп, қапшық жасаудың өзі қауіпті. Алдымен мына полипропилен шикізаты 240 градуста мына пеште балқиды. Арнайы қазандығы бар құрылғымен қауіпсіздік талабын сақтап жұмыс істемесе,  қызметкер күйіп қалуы мүмкін.

Ал дәл осы кәсіпорында өңір бойынша еңбек жарақаты ең аз тіркелген.

Бекнияз Қаржауов, зауыт директорының орынбасары:

Жұмысқа келген операторларымыздың бірінші жағдайына қараймыз. Жұмысқа жарамды болса ғана жұмысқа жібереміз. 15 жылдың ішінде 2 ғана жағдай болды. Ол операторлардың қауіпсіздік қызметін дұрыс сақтамағандықтан болды. 

Аймақта жыл басынан бері өндіріс орындарында 24 жазатайым оқиға болды. Салдарынан 28 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапқан. Бірақ бұл былтырғы көрсеткіштен 8 оқиғаға аз. Өйткені өңірдегі өндіріс орындарда өлім-жітімді азайту мақсатында нөлдік жарақаттану бағдарламасы енгізілген.

Бақытжан Құрамбетов, облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы:
Облыста «Vizion Zero» бағдарламасын 24 кәсіпорын, ал «Халықтық бақылау» жобасын 15 кәсіпорын енгізді, 941 өндірістік кеңес құрылып, 1 333 техникалық инспекторлар жұмыс жасауда.

Сондай-ақ биыл аймақта еңбек инспекциясы мен прокуратура «Қауіпсіз еңбек» жобасын іске қосты. Бұл бағытта ірі кәсіпорындарға Көмек QR кодтары орнатылған. Жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда көмекке жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.


Бөлісу