ХОК қазақстандық спортшыларға стипендия бөлді
Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындалу үшін қазақстандық бірнеше спортшыға стипендия бөлді. Үміткерлер ұлттық федерациялар арқылы іріктелген және гендерлік теңдік сақталған. Әр спорт түрінен бір ер және бір әйел спортшы ұсынылды. Қаржылай қолдау жекелей спорт түрлерінде өнер көрсететін атлеттерге беріледі. Басты талап: допингке қарсы ережені бұзбау, Олимпиадалық хартияға қайшы келетін санкциялардан аулақ болу керек. Сонымен бірге іріктеуден сәтті өту және жоғары орындардан көріну міндеті бар. Қаржы оқу-жаттығу жиындарына, жекелей дайындықтарға, бапкерлер мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, сақтандыруға, сондай-ақ жолақы мен тамақтануға жұмсалады. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы жіті қадағаланады. Стипендия алғандардың арасында бокстан Әлем чемпионы Аида Әбікеева, дзюдодан Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, командаласы Абиба Абужақынова, балуандардан Ризабек Айтмұхан, мергендерден Әсем Орынбай, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев, гимнаст Милад Карими мен Данил Мусабаев сияқты бірнеше спортшы бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
